Құрманғазы оркестрінің 90 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде тойланды

5 Қазан, 13:28 387

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің 90 жылдық мерейтойы 3-4 қазан күндері халықаралық деңгейде тойланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұжымның мерейтойына Ресей, Қырғызстан, Өзбекстаннан және еліміздің барлық облыс орталықтарынан өнер майталмандары қатысты.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, екі күнге созылған іс-шара аясында «Інжу-маржан» мерекелік концерті, дирижерлар шеруі, оркестрдің қалыптасу кезеңінен сыр шертетін құнды жәдігерлер топтамасынан жылжымалы көрме, «Қазақ ұлт-аспаптар оркестрлерінің репертуар мәселесі» тақырыбында дөңгелек үстел, БАҚ қатысуымен баспасөз конференциясы, «Адай», «Сарыарқа» күйлері бейнебаянының тұсаукесер рәсімі өтті.

Ұлттық оркестрдің мерейтойына орай Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтың, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, облыс әкімдерінің құттықтау хаттары оқылды.

Екі күнге жоспарланған мерейтойлық шарада Ұлттық оркестрмен бірге Өзбекстан Республикасының Халық артисі Фарух Садықов, Қырғызстан Республикасының Халық артисі Бақыт Тілегенов, Қырғызстан Республикасының еңбек іңірген артисі Айбек Саралаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, күйші Секен Тұрысбеков өнер көрсетті. Сондай-ақ мерекелік кештерде ҚР Халық әртістері Талғат Күзембаев, Нұржамал Үсенбаева, Айгүл Үлкенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Жалғасбек Бегендіков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айтқали Жайымов, Дүйсен Үкібай, Жанас Бекентұров, Арман Жүдебаев, Дінзухра Тілендиева, Жексен Айсын, Абылай Тілепберген, Халықаралық конкурстардың лауреаттары Нарын Қажығали, Айдос Жабағин, Еркебұлан Сапарбаев, Төлеген Рахымбаевтар көрерменге өнерлерін паш етті.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: