Құрлық әскерлерінің офицерлері оңтүстік өңірдегі әскери бөлімдерді тексерді

3 Наурыз, 16:04 542

Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Ермиян Бятов Арыс, Сарыағаш және Шымкент гарнизондарының әскери бөлімдеріне барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мұнда әскери бөлімдердің жеке құрамымен, ардагерлер ұйымдары мен әкімдіктердің өкілдерімен кездесулер өтті. Офицерлер казармаларды, тамақ сапасын және бөлімшелерде мәдени-демалыс іс-шараларын ұйымдастыруды тексерді. 

Арыс гарнизонында Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары әскери бөлімде Ашық есік күнін және әскерге шақырылғанға дейінгі жастарға арналған оқу орындарының қабырғасында ерлік сабақтарын өткізу тәртібімен танысты. Полковник Ермиян Бятов үшінші сыныпты сержант Бақтияр Килыбаевқа оқушыларға мерген мамандығы және оның міндеттері туралы нақты әрі жан-жақты баяндамасы үшін алғыс хат берді. 

Сарыағаш гарнизонындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар қызметінің шарттарымен танысу барысында Құрлық әскерлерінің бас тәрбиешісі халықаралық турнирлердің 4 дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы, спорт шебері және қоян-қолтық ұрыстан халықаралық санаттағы нұсқаушы Камран Мамедовпен және оның тәлімгері әрі жаттықтырушысы әкесі Караматпен кездесті. Олар мерзімді қызметтегі жауынгерлерге өзін-өзі қорғау сабақтары мен қоян-қолтық ұрыс әдістерінен шеберлік сабағын өткізді. 

Тексеру қорытындысы бойынша Шымкент гарнизонындағы Құрлық әскерлері бөлімдерінің моральдық-психологиялық ахуалының жай-күйіне оң баға берілді. Мұнда отбасылық жанжалдардың алдын алу шараларының жүйесі жақсы пысықталған. Бөлімшелердің психологтары қарауылға және кезекшілікке түсетін әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жай-күйіне мониторинг жүргізеді. Бас қолбасшылықтың офицерлері Әлия Молдағұлова атындағы № 29 орта мектептің бітіруші сынып оқушыларына арнап өткізілген ерлік сабағына да қатысты.  

Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметтерінің өкілдері Тәттігүл Смағұлова мен Елена Кучикова гарнизондарда әскери қызметшілердің отбасыларымен кездесулер өткізіп, әлеуметтік-тұрмыстық және тұрғын үй мәселелерін талқылады. Кездесулер барысында айтылған барлық ұсыныстар мен ескертулер түртіп алынды.

Гарнизондар бойынша танысу сапары кезінде Құрлық әскерлерінің психологы майор Роман Куликов бөлімше-рота буынының командалық құрамымен аутогендік жаттығу өткізді. Жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықтағы жетістіктері үшін көзге түскен офицерлерге, келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге және сарбаздарға Құрлық әскерлері қолбасшылығының атынан грамоталар, алғыс хаттар және естелік сыйлықтар табыс етілді.

Жұмыс сапарының соңында Құрлық әскерлерінің офицерлері Ұлы Отан соғысының ардагері Мұраталы Төлепбергенұлына барды. Қарияға ашық аспан мен оның қатарластары сыйға тартқан бақытты болашақ үшін алғыс айтып, Құрлық әскерлері бас қолбасшысының атынан естелік сыйлықтар табыс етті.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: