Құрғақшылықтан зардап шеккен диқандар несиені өтеу мерзімін ұзарта алады

27 Шілде 2023, 12:33 1036

Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте өткен жедел кеңесте Қазақстанның жекелеген өңірлеріндегі қалыптан тыс ыстық пен жауын-шашынның аздығына байланысты орнаған ахуалдың ауқымы мен мемлекеттік қолдаудың ықтимал шаралары талқыланды.

«Бәйтерек» холдингі, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға несие төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастырады.

Биылдан бастап алғаш рет мал азығын жинауға жеңілдетілген бағамен дизель отынының қосымша көлемі бөлінетін болды.

Ауыл шаруашылығындағы тәуекелдерді, соның ішінде құрғақшылықтың салдарын жою құралдарының бірі – егін мен ауыл шаруашылығы жануарларын сақтандыру. Ол мақсатта сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігі субсидияланатын өсімдік және мал шаруашылығында 16 сақтандыру өнімі жұмыс істейді.

Сақтандыру сыйлықақысы 1,6 млрд теңгені құрады, оның 1,3 млрд теңгесі субсидияланды. Сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялауға республикалық бюджеттен бөлінген 5,9 млрд теңге қаражаттың тек 2,4 млрд теңгесі ғана игерілді.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Қазагроқаржы» АҚ зардап шеккен шаруаларға несие төлеу мерзімін кейінге қалдыруға көмектесуі керек, — деді Серік Жұманғарин.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: