Қазақстан дзюдо құрамасы Парижде өткен Grand Slam турнирінен кейін келесі дайындық кезеңіне кірісті. Енді ұлттық құраманы қысқа уақыт аралығында қатарынан екі ірі халықаралық жарыс күтіп тұр: 27 ақпан – 1 наурыз аралығында Өзбекстанда Grand Slam турнирі өтсе, 6–8 наурыз күндері Австрияда Гран-при бәсекесі ұйымдастырылады. Тығыз кесте бапкерлер штабы мен спортшыларға жоғары жауапкершілік жүктейді.
Olympic.kz сайтына берген сұхбатында ұлттық құраманың жаттықтырушы-кеңесшісі Роберт Мшвидобадзе алдағы сындарға дайындық барысын тарқатып айтты.
Маманның сөзінше, жаттығу үдерісі жоспарлы түрде өткен. Париждегі турнирден кейін спортшыларға қысқа мерзімді қалпына келу кезеңі беріліп, одан әрі тактикалық және техникалық дайындыққа басымдық жасалған.
Жаттығу бағдарламасына түбегейлі өзгеріс енгізілген жоқ. Барлығы оқу-жаттығу жоспарына сай өтті. Тек Әбиба тұмауратып қалғанына байланысты құрамнан шығарылды, – деді ол.
Құрама сапында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Дегенмен бірқатар жас спортшы негізгі құрамға тартылған. Бұл – бапкерлердің кадрлық резервті жаңартып, бәсекелестікті күшейтуге бағытталған қадамы. Жас балуандардың қосылуы ішкі бәсекені арттырып, тәжірибелі спортшыларды да бабында болуға ынталандырады.
Қос бірдей халықаралық додаға қатысатын құрамды жасақтауда басты талап – спортшының толық дайын болуы. Бапкерлер штабы әр балуанның физикалық жағдайын, жарақат ахуалын және жаттығудағы нәтижесін мұқият саралайды. Жарысқа тек бабында тұрған, тактикалық тапсырмаларды нақты орындай алатын спортшылар ғана жіберіледі.
Мшвидобадзенің бағалауынша, қазіргі таңда ұлттық құраманың дайындық деңгейі жаман емес. Париждегі Grand Slam турнирі спортшылардың әлеуетін көрсетті. Өткен маусымда негізгі назар физикалық дайындықты күшейтуге аударылса, биыл жарыс тәжірибесін арттыруға көңіл бөлінбек. Бұл халықаралық рейтинг ұпайларын жинау тұрғысынан да маңызды.
Алдағы кезеңдегі басты стратегиялық мақсат – Әлем чемпионаты мен Азия ойындары. Оған дейін Азия чемпионаты да бар. Сондықтан көктемгі турнирлер ірі бәсекелер алдындағы сынақ іспетті.
Негізгі межеміз – Азия ойындары. Бар күш-жігерімізді сол додаға бағыттаймыз, – деді жаттықтырушы-кеңесші.
Осылайша, Қазақстан дзюдо құрамасы маусымның жауапты кезеңіне тыңғылықты дайындықпен кірісті. Алдағы екі турнир балуандардың нақты деңгейін айқындап, басты жарыстар алдындағы мүмкіндіктерін бағамдауға мүмкіндік береді.