Қазақ даласын елестетсең, ең алдымен кең сахара, еркін көш, саят құрған аңшы мен қиянды қақ жарып жүйткіген құмай тазы көзге келеді. Тазы жай ғана аң қуатын ит емес, ол көшпелі өркениетпен бірге туған, ұлттың мінезі мен болмысын бойына сіңірген қасиетті тұқым. Қазақ үшін тазы тұқымы - серік, сенім, мәртебе әрі жаратылыспен үйлесімнің көрінісі.
Тазы тек аңшының ермегі емес, ұлттың айнасы
Қазақы дүниетанымда тазы "ит" деген қарапайым ұғымнан әлдеқайда биік тұр. Қазақтың өмір сүру салтын, танымын, тіршілігін айқындайтын құндылықтар жүйесі. Соның ішінде тазының аталуының өзі оның халқымыз үшін қаншалықты маңызды болғанын аңғартады.
Құмай тазының тек аңшының ермегі ғана емес екенін өскелең ұрпаққа насихаттап жүрген тазы жанашыры Абзал Досыман, қазақтың кең даласымен мәдениетінің басты көрінісі осы құмай тазылар деген пікірде.
Тазының ерекшелігіне келіп тоқталатын болсақ, біріншіден сарқыраған сары аязға төзімділігі. Бұндай суыққа ешбір ит тұқымы төбейді деп айтуға болады. Таза ол ойын ауыққа арналған тұқым емес. Бұл қазақтың бекзада өнері аңшылыққа, саятшылыққа арналған ит тұқымы, - дейді Абзал Досыман.
Алыстан есту, қауіп пен қатерді алдын ала сезу және аңның қай бағытқа бет алып, қандай қашу айласын қолданатынын тазы тұқымы алдын ала аңғарады. Тіпті текті жануар деп айтуға болады дейді тазы жанашырлары.
Өзім бір емес, бірнеше тазының алдына тамақ қойғанда, ылғи ағарамын. Басқа иттер секілді тамаққа жабайыланып бас салмайды. Тамаққа паңданып асықпай келуі, ол да тектілігін көрсетіп тұрады, - дейді тазы жанашыры.
Құмай тазыны тек сыйлы адамға ғана сыйға береді
Тазы тұқымы ұлтымыз үшін бабадан қалған ең асыл құндылықтардың бірі екенін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта жиі айтады. Қазақ жеріне арнайы шақыртумен келген Франция президенті Эммануэль Макрон қазақы тазының тұқымын ерекше ұнатқан болатын. Артынша Парижге қазақы тазының бес айлық екі күшігі жеткізілді. Осы жағдайдың өзі тазы тұқымының кез-келген ұлттың қызығушылығын оята алады дегенді аңғартады.
Мұхит асырып, тазыны сыйлыққа беру деген – өте үлкен дипломатиялық астары бар сыйлық. Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзінің фрнациялық әріптесі Эммануэль Макрон мырзаға бір емес, екі тазысын сыйлауы өте үлкен дипломатиялық астар. Қазақы тазы тұқымы тек сыйлы, абыройы асқан адамдарға ғана сыйға беріледі, - деп қорытындылады Абзал Досыман.
Сондай-ақ президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың мақтанышы Димаш Құдайбергенге де тазының күшігін сыйға берген еді.
Тазы - біздің ұлтымыз үшін құндылық, бабадан қалған "Жеті қазынаның" бірі. Қазіргі күні Қазақстанда тазыны сақтап қалуға және халықаралық дәрежеде мойындауға баса көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Себебі бұл қазақы тұқым тән сұлулығымен, ұстамдылығымен ерекшеленеді және менің байқауымша, өте ақылды келеді. Ата-бабамыз тазыны қастерлеп, жақсы көрген. Бұл ит киіз үйге еркін кіре алған, бұл оның тазалығын білдіреді. "Тазы" атауы парсы тілінен енген, мағынасы "шапшаң", "епті". Осындай баға жетпес сыйлық үшін Президентімізге алғыс айтамын! Тазының атын "Ғарышкер" деп атадық", - деп жазды әнші.
Қайта жаңғыру
Осылайша тазы тұқымын сақтап қалу бастамасы мемлекет деңгейінде де қолдау тапты. 2022 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақы ит тұқымдарын сақтау және оларды халықаралық деңгейде таныту жөнінде нақты тапсырма берді. Соның нәтижесінде 2024 жылы Халықаралық кинология федерациясы (FCI) қазақ тазысын ресми түрде жеке ит тұқымы ретінде әдепкі тану туралы шешім қабылдады. Осылайша Қазақстан тазы тұқымының тарихи иесі ретінде халықаралық деңгейде мойындалды. Бұл тек кинология саласындағы жетістік емес, бұл қазақтың рухани мұрасының әлем алдында танылуы. Құмай тазы өткеннің сарқыншағы емес, болашаққа жететін аманат. Ол қазақтың еркіндігін, табиғатқа жақындығын, кең даланың мінезін бойында сақтаған тірі мұра.