Құмар ойынға шектеу: Мемлекеттік қызметшілерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді

11 Қыркүйек, 05:34 383

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде мемлекеттік қызметшілер үшін құмар ойындар мен бәс тігуге қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеулерді түсіндіру бойынша іс-шара өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оған орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың Әдеп жөніндегі уәкілдері қатысты.

Шақырылған спикер – психиатрия және наркология кафедрасының ассистенті, жоғары санатты психиатр, нарколог-дәрігер Тоқтар Қойшыбеков лудоманияның азаматтардың психологиялық жағдайына кері әсері туралы айтып берді.

Өз кезегінде МҚІА Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің ахуалдық мониторинг және ақпараттық қауіпсіздік басқармасының басшысы Жәнібек Наушабай мемлекеттік қызметшілер арасында ойын мекемелеріне барумен немесе құмар ойындарға қатысумен байланысты бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

Қатысушылар мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуынан болатын тәуекелдердің алдын алу жолдарын және лудоманиямен күреске бағытталған заңнамалық бастаманы іс жүзінде жүзеге асыруды талқылады. Айта кету керек, мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салатын заң ағымдағы жылдың 9 қыркүйегінен бастап күшіне енді.

Сондай-ақ іс-шарада жаңа талаптардың сақталуын бақылауды күшейту және мемлекеттік қызметкерлер арасында тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі айтылды.

Зарина Арман
Бөлісу: