Құлсарыда 800-ден астам үй техникалық байқаудан өтті

3 Мамыр, 13:00 662

Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккендердің мүлкін бағалау жұмыстары жалғасуда, тұрғындардан 2733 өтініш түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жұмысқа техникалық байқау және бағалау жұмыстарымен айналысатын 40-тан астам техникалық маман тартылған, жұмыс демалыссыз жүргізіледі. 26 сәуірден бастап бүгінге дейін 867 нысан техникалық байқаудан өтті, бұл жұмыс 15 мамырға дейін аяқталады.

Құлсары қаласында қалпына келтіру жұмыстары басталғалы бері 3,5 миллион текше метр су шығарылып, жұмысқа 2700-ге жуық адам мен 125 бірлік су соратын техника жұмылдырылды. 3 мамырдағы жағдай бойынша 2704 нысаннан су толығымен тартылып, бұл жұмысқа 2800 адам жұмылдырылды.

Сонымен қатар Жылыой ауданында су тасқыны салдарынан өлген ауыл шаруашылығы жануарларының құнын өтеу бойынша өтінімдерді тіркеу жұмысы жүргізілуде, 87 өтініш қабылданды.

Су тасқыны салдарынан мүлкі бүлінген кәсіпкерлерге келтірілген шығынды өтеу бойынша кеңес беру орталығы жұмыс істейді; барлығы 103 кәсіпкерге кеңес берілді.

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы: 87025963810, 87015533290, 87015116717.

Бүгінгі таңда Құлсары қаласының 3600 тұрғынына 100 АЕК көлемінде бір реттік материалдық көмек көрсетілді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: