Құлсарыда 2700-ге жуық үй техникалық тексеруден өтті

15 Мамыр, 16:53 646

Жылыой ауданында мобилді топтар тасқын судан зардап шеккен үйлерге келтірілген залалды бағалау нәтижелерімен таныстыру жұмыстарын бастады. Бұл туралы Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінгі күнге су басқан 2700-ге жуық үйге техникалық тексеру жүргізілді.

Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың айтуынша, Жылыой ауданының Құлсары қаласында 2700-ге жуық үй техникалық тексеруден өтті. Бүгін, 15 мамырда 100 астам үйге қатысты техникалық қорытынды шығарылды.

Қазіргі кезде Құлсары қаласындағы су басқан үйлерді күрделі жөндеуге қажет сома және авариялық жағдайдағы үйлерді бағлау бойынша сома нарықтық құны негізінде есептеледі. Келтірілген залалды бағалаудың нәтижелері күн сайын шығарылып, ол туралы хабарламаларды тұрғындарға Құлсарының ықшам аудандарында құрылған мобилді топтардың мүшелері таратып отырады. Бағалау нәтижелеріне келісім берген тұрғындар 2-3 күн ішінде өтемақы алу жөнінде жергілікті әкімдікке жүгіне алады,-деді аудан әкімі.

Залалдарды бағалау нәтижелері жарияланған соң Жылыой ауданының әкімдігі қаражат төлеу бойынша екі бағытта жұмыс істейтін болады:

1. Үй жөндеуге жарамды болса, жөндеуге қаражат төлеу, сондай-ақ, зардап шеккен мүлікке өтемақы төлеу.

2. Үй авариялық жағдайда деп танылғанда. Мемлекет есебінен жаңадан үй салу. Тағы бір жолы – үй иелеріне Құлсары қаласынан немесе Атырау облысы аумағындағы кез келген елді мекеннен тұрғын үй алып беру. Сондай-ақ, зардап шеккен мүлікке өтемақы төлеу.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: