Түркістан облысында Назгүл мен Құндыз есімді апалы-сіңлілі 17 жылдан бері құлдықта болып, мал баққан. «Көреміз» бағдарламасының жүргізушісі Руслан Өтепбай екі жетім қыздың ағасы мен жеңгесінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Руслан Өтепбай Instagram желісіндегі парақшасында қазіргі таңда қыздардың емделіп жатқанын айтқан.
Ардақты ағайын, Назгүл мен Құндызды Алматыға алып келдік. Үш аптадан бері қыздар ем-дом қабылдап жатыр. Апалы-сіңлілілер кешенді ем қабылдау үшін медициналық орталықтың жанынан пәтер жалдадық. Сонымен қатар олардың тамағын әзірлеп, жуындырып, киімдерін тазалау үшін күтуші жалдадық. Қыздар 3 ай бойы емді Алматы қаласындағы орталықта қабылдайды. Айта кетейін, қыздардың ағасы мен жеңгесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар олардың оқыс жағдайда қайтыс болған інісінің өлімі қалай болғанын анықтау үшін тілшілер дәлел жинауда. Таяуда ашылмаған басқа да жайттарды эфирде айтамыз. Ал әзірге басты мақсат - қыздардың денсаулығын ретке келтіру, - деп жазды тележүргізуші.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысында апалы-сіңлілі қыздар ұзақ уақыт бойы ағасының малын бағып, нашар жағдайда өмір сүріп келген. Бұл туралы «Көреміз» бағдарламасына 11 жыл бір партада отырған Гүлсімжан Әділжанова мен Айша Мұстафина есімді сыныптастары хабарлаған еді.