Қуат Науатов:  Интернет алаяқтық – трансұлттық қылмыс

13 Шілде 2023, 18:55 1476

«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» көне тәмсілді қатты ұстанатын алаяқтар қаптады. Қазіргі кезең – ақпараттық технологиялардың, интернеттің дәуірі. Онсыз аттап қадам баса алмайсыз. Қағаз ақшаны қолға ұстауды ұмытқалы бірнеше жылдың жүзі болды. Аляқтар да қарап жатпайды. Интернет арқылы алдаудың, ақшаңызды жымқырудың небір тәсілін меңгеріп, қарапайым халықты сан-соқтырып жатыр. Бұл интернет алаяқтыққа қарсы күресуші полицияны ақпараттық технологияны жіті меңгеруге мәжбүрледі.

Алматы қалалық Полиция департаментінің криминалды полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Қуат Әбсаттарұлы Науатов El.kz ақпараттық агенттігіне интернет алаяқтықпен күрестің қыр-сырын айтып, сұхбат берді.

El.kz: Қазіргі кезде интернет алаяқтыққа кезікпеген бірде-бір адам қалмады десек те болады. Қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлеріміз деп таныстырып, алдамақ болғандар соңғы кезде көбейді. Алаяқ екенін тек қазақша жауап беріп қана анықтап жүрміз. Алаяқтардың дені көрші мемлекеттерден қоңырау шала ма?

Қуат Науатов: Шынымен де, талдау барысында аталған алаяқтардың біразы  көрші мемлекеттер аумағынанан қоңырау шалатындығы анықталды. Сонымен қатар, қоңырау шалу барысында олар абоненттік нөмірді ауыстыру технологиясын қолданатындығы байқалып отыр. Яғни алаяқтар кез келген Қазақстан Республикасының абоненттік нөмірін қолданып, қоңырау шала алады. Бұл мәселе бойынша қазіргі таңда көптеген алдын алу шаралар кешені ұйымдастырылу үстінде.

El.kz: Ел арасында алаяқтық топтың ішінде банк қызметкерлері де бар деген қауесет жиі айтылады. Бұл қаншалық рас? Сондай жағдай анықталды ма?

Қуат Науатов: Тәжірибеге келетін болсақ, банктік қызметкерлердің қатыстылығы бірнеше қылмыстық іс бойынша анықталды. Алайда олар банк клиентінің жеке басын анықтайтын ақпаратты қолдана отырып, 3-4 адамға ғана шығын келтірген. Содан кейін полиция оларды құрықтады. Десе де, бұл адамдар үлкен көлемде және жүйелі түрде алаяқтықпен айналыспаған.

El.kz:  Алғашқы кездері интернет алаяқтықты түрмеде жазасын өтеп отырғандар да жасай алады деген пікір болды. Қазір бұл жағдай тыйылды ма?

Қуат Науатов:  Бұл мәселе бойынша қазіргі таңда көптеген алдын алу шаралар кешені ұйымдастырылып жатыр. Бұл жағдай тыйылды деп айта аламын.

El.kz:  Интернет алаяқтардың құрбандары көбіне аңғал адамдар деп айта аламыз ба? Әлде интернет сауаттылық жетіспей ме?

Қуат Науатов:  Көбіне интернет сауаттылығы, яғни жоғары технологиялар саласында сауаттылығы аздығынан. Бұл мәселе бойынша біздің қызметкерлер алдын алу шараларын жүргізіп жүр. Бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген профилактикалық материалдар жарияланып жатыр.

El.kz: Соңғы кездері әлеуметтік желілерде ұзын-сонар хат жазып, «шетелге кетіп қалған туысың қаза болды, мұрагері – сізсіз» деген алаяқтар көбейді.  Олар қандай схема бойынша құйтырқылық жасайды?

Қуат Науатов: Бұл – соңғы кездегі емес, бұрыннан келе жатқан алаяқтардың айла тәсілі. Біз бұл тәсілді «Нигериялық хаттар» деп атаймыз. Себебі осындай алаяқтықтар бойынша техникалық іздер Нигерия мемлекетіне алып барады.

Бұл тәсілге тоқталатын болсақ, алаяқтар көптеген электрондық пошта жәшіктеріне бірдей хат жолдайды. «Сіздің туыс өте бай әрі беделді адам болған, қазіргі уақытта Сіз оның жалғыз мұрагері болып табыласыз», – дейді. Бірақ ол мұраны алу үшін «заңгер қызметкерінің және тағы да басқа қызметтерді жедел төлеу керек» деген сылтаумен жәбірленушілерден ақша алады.

El.kz:  Интернет алаяқтарға алданбау үшін қандай тәсілдер бар?

Қуат Науатов:  Ең алдымен өзіңіздің жеке басыңыз туралы ақпаратты ешкімге бермеу керек. Содан кейін интернетте тауар немесе бір қызмет түрін сатып алатын болсаңыз, ол сатушыны жіті тексеріңіз. Тексеру түрлері әртүрлі. Біріншіден, компания туралы интернетте қандай ақпарат бар, әлеуметтік желідегі парақша болса, оның қанша жазылушылары бар, қандай комментарийлері бар, төлеу жолы қандай, соның бәрін тексеріп алу қажет. Керек болса, сатушыға немесе қызмет көрсетушіге видеохабар арқылы хабарласыңыз.

El.kz: Полиция интернет алаяқтықпен қалай күреседі? Анықтау қиын бола ма?

Қуат Науатов: Бұл мәселе бойынша біздің қызметкерлер алдын алу шараларын жүргізеді. БАҚ-та көптеген профилактикалық материалдар жарияланып жатыр. Қазіргі кезде «Cyberpol» атты арнайы бөлімше ашылды. Бұл бөлімше тек қана интернет алаяқтықтар мен жоғары технологиялар саласындағы қылмыстарды ашумен айналысады. Анықтау – өте күрделі жұмыс. Себебі интернет алаяқтық, бұл – трансұлттық қылмыс. Яғни қылмыскер кез келген мемлекетте немесе қалада болуы мүмкін.

El.kz: Интернет алаяқтықтың ең қызық бір-екі оқиғасын баяндап берсеңіз?

Қуат Науатов: Қызық мәселелер әрине өте көп. Мысалы, бір алаяқтықпен айналысқан кезімізде, қылмыскер жәбірленушінің жақын туысы болып шықты. Сонымен қатар алаяқтарды ұстау кезінде де өте көп қызық мәселелер болып тұрады. Оның егжей-тегжейін тергеу мақсатында айта алмаймыз.

El.kz: Кибер қылмысқа қарсы күресте қазақстандық полиция халықаралық деңгейде әріптестік орнатқан ба? Шетелдегі алаяқтықты ашуға біздің полицияның көмегі тиді ме? Немесе шетелдік полицияның бізге көмегі тиген оқиғалары болды ма? 

Қуат Науатов: Халықаралық әріптестік орнатылып жатыр. Шетелдегі алаяқтықтарды анықтау бойынша да көптеген көмегіміз тиеді. Халықаралық тергеу тапсырмаларын орындаймыз. Біздің де сұрауларды көптеген мемлекет орындайды.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Сәкен Арыс
Бөлісу: