Қуат көзіне қосулы қалған телефон пәтерде шыққан өртке себеп болуы мүмкін

14 Тамыз 2023, 02:26 1302

2023 жылғы 13 тамызда Өскемен қаласында Славский атындағы Набережная көшесінде орналасқан тоғыз қабатты тұрғын үйдің жетінші қабатындағы пәтерде өрт шықты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Оқиға орнына жедел жеткен ШҚО ТЖД өрт сөндірушілері бірінші кезекте баспалдақ маршы арқылы 20 адамды, оның ішінде 5 баланы эвакуациялады. Көпқабатты үйлердегі өрттерді сөндіру үшін өрт сөндірушілер арнайы техниканы пайдалана отырып, барлық күш-жігерін жұмсап, өртті 20 шаршы метр алаңда сөндірді. Өрт ошағы болған пәтерде ешкім болмағаны анықталды.

Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Өрттің алдын ала себебі – электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, яғни қуат көзіне қосулы қалған ұялы телефон болды.

 Өртті сөндіруге ШҚО ТЖД жеке құрамынан 18 адам және 6 бірлік арнайы техникасы жұмылдырылды.

 ШҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін еске салады:

- үйден шыққан кезде электр құрылғыларын қосулы қалдырмаңыздар;

- бұзушылықтарды уақтылы жою қажет;

- бір розеткаға бірден бірнеше электр құрылғыларын қоспаңыздар.

Өрт кезіндегі тәртіп ережелері:

- өрт кезінде дереу «101» немесе «112»нөмірлеріне хабарласыңыздар.

- үрейге бой алдырмаңыздар;

- өрт сөндірушілер келгенге дейін адамдарды эвакуациялау шараларын қабылдаңыздар, көршілерге хабарлаңыздар.

- электр қуатын өшіріңіздер;

- баспалдақпен жүріңіздер, өрт кезінде лифтті пайдалануға тыйым салынады.

- егер шығу жолы кесілген болса, есіктердегі барлық жарықтарды дымқыл шүберекпен жабыңыздар, көмекке шақырыңыздар, қауіпсіз аймақта (балкон, үйдің шатыры) өрт сөндірушілердің келуін күтіңіздер. Еденге еңкейіп, аузыңыз бен мұрныңызды дымқыл шүберекпен жабыңыздар.

- балконда өрт ошағына оттегінің кіруін тоқтату үшін есікті мықтап жабыңыздар. Бұл құтқаруға арналған қосымша уақыт.

Перизат Саденова
Бөлісу: