«Қуаныштан жыладым». Президенттен марапат алған ұстазбен сұхбат

10 Қазан, 18:50 1450

Ұстаздар күні қарсаңында президенттен марапат алған түркістандық мұғалімнің көңілі босап, жылаған видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тараған еді. Ұстаздың сөзінше, әріптестерінің және жақындарының құттықтауынан қуаныштан көз жасына ерік берген. El.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі желі қолданушыларын тебіренткен ұстаз Абубулла Жакудаевпен тілдесіп, мемлекет басшысымен кездесуі жайлы сұрады.

Абибулла Жакудаев 5 қазан күні президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан үздік ұстаз ретінде мемлекеттік награда алған болатын. Абибулла Жакудаев 40 жылдан астам өтілі бар ағылшын тілі пәні мұғалімі. Бүгінде Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияда жұмыс істейді. 58 жастағы Абибулла Жакудаевтың өзі де осы ауылдың тумасы.

1983 жылы Алматы шетел тілдері педагогикалык институтының ағылшын тілі факультетіне түсіп, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығын 1990 жылы бітіріп, жоғары білім алады.  Жакудаев Абибулла алғашқы  еңбек жолын 1983 жылы жалпы орта білім беретін  Ш.Уәлиханов   атындағы жалпы орта мектебінен бастаған.                                            

Ұстаздар күнінде Абибулла Жакудаевпен бірге 24 мұғалім «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісін алды. Ол салтанатты шараның қалай өткені жайлы айтып берді.

Бұл марапатқа мені Түркістан облыстық білім басқарма басшысы ұсынып, құжаттарымды Оқу-ағарту министрлігіне жолдады.  Байланыста болып отырдық. Бір күні хабарласып марапатқа іліккенімді және 3 қазан күні Астанаға баруым керек екенін айтты.  Мені құттықтап, ақ жол тіледі. Бастапқы да рас па, жоқ па деп сенінкіремедім. Президенттің алдына барып наградталғанға дейін әртүрлі ойда болдым. Марапат алған кездегі әсер өте керемет болды. Әлі күнге дейін естен кетпейді. Оны сөзбен айтып жеткізе де алмайсын, - деді ұстаз.

Абибулла Жакудаев президент қолынан марапат алып, өңірге қайта оралған сәтте әріптестері әуежайдан тосынсый жасап күтіп алған.

Сол күні әуежайдан мектеп директоры, әріптестерім күтіп алды. Ерекше сезімде болдым. Ішім алай-дүлей болды. Ол видеоны бұлай тарап кетеді деп ойламадым. Осы күнге де жеттім ау деп, қуаныштан көз жасыма ерік бердім. Жақындарым, отбасым мен әріптестерім де Астанаға кететін күннен бастап қуанып жүрді. Оларға марапат алған сәтімнен суреттерімді жібердім. Сол кезде барлық жақындарым, жора-жолдастарым қуанып, керемет тілектер айтты, - деді ол.

Айтуынша, ол Түркістан облысының атынан наградталатын жалғаз ұстаз екенін білмеген.

Бұған дейін президенттің қолынан марапат алуға Түркістан облысынан бірнеше ұстаз барады деп ойладым. Дегенмен мен ғана барған екенмін. Әрине, мемлекет басшысының қолынан награда алу мен үшін үлкен құрмет.  Өзімді сол кезде жеті қат көкте қалқып жүргендей сезіндім. Әркім өзі шыққан тау биік болсын дейді ғой. 24 мұғалім Ақордада президенттен үздік ұстаз наградасын алдық. Мұғалімдердің алды 70-тен асқан екен, соңы 50 жасты алқымдаған. Салтанатты шарада барысында да оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бізбен бірге жүріп, ұстаздарға қолдау көрсетіп, құттықтады, - дейді маман.

сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Кейіпкеріміз Абибулла Жакудаев бұл қуанышын ең алдымен қос қанаты қыздарымен бөліскен. Бүгінде Ақбота есімді үлкен қызы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде аударма ісі саласында оқып, қазір Дубайда аудармашы болып қызмет атқарады. Екінші қызы да ағылшын тілі саласының білікті маманы.

Миражан Махан
Бөлісу: