25.11.2025
14:30
661
ҚҚС 16%-ға дейін артады: кімдер төлейді, кімдер босатылады

ҚҚС 16%-ға дейін артады: кімдер төлейді, кімдер босатылады

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңартылған Салық кодексі қолданысқа енгізіледі. Жаңа құжатта қосылған құн салығына қатысты бірқатар өзгерістер бар. Енді ҚҚС мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға дейін өсіп, салықты төлеу және тіркеу тәртібі жаңарады. Қосылған құн салығы дегеніміз не? Бұл салықты кімдер төлеуге тиіс, ал кімдер міндеттен босатылады? El.kz интернет порталы түсіндіріп береді.

Қосылған құн салығы деген не?

Қосылған құн салығы – тауардың немесе қызметтің бағасына үстеме ретінде қосылатын және кейін мемлекеттік бюджетке түсетін жанама салық. Оны тікелей кәсіпкер емес, өнімді немесе қызметті сатып алушы төлейді. Ал кәсіпкер тек сол соманы есептеп, мемлекетке аударып отырады.

Мысалы, дүкен бір қорап шоколадты 2 000 теңгеге сатты делік + 12% ҚҚС (240 теңге). Осы 240 теңге – бюджетке түсетін салық.
2026 жылдан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 16% болады. Яғни дәл осы шоколадты сол бағаға сатса, дүкен иесі мемлекетке 320 теңге аударады.

ҚҚС мөлшерлемесіндегі өзгерістер

2026 жылдан бастап қосылған құн салығының мөлшерлемесі жаңартылып, тауарлар мен қызмет түрлеріне қарай әртүрлі деңгейде қолданылады. Жалпы тауар айналымы мен импортқа 16% ҚҚС енгізіледі. Ал дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге жеңілдетілген тәртіп қарастырылып, 2026 жылы 5%, 2027 жылдан бастап 10% мөлшерлеме белгіленеді. Мерзімді басылымдарға да арнайы жеңілдік бар – олар үшін ҚҚС мөлшерлемесі 10% болып бекітіледі.

Қосылған құн салығын кімдер төлейді?

Қосылған құн салығын төлеушілер қатарына ҚҚС бойынша тіркелген кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ Қазақстанға немесе Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен тауар әкелетін импорттаушылар жатады.

2026 жылдан бастап міндетті тіркеу үшін қойылатын айналым шегі – 10 мың АЕК, яғни шамамен 40 млн теңге. Бұған дейін бұл көрсеткіш 73,8 млн теңге болатын.

Сонымен қатар кәсіпкерлер тіркеу шегіне жетпей-ақ, қалауы бойынша ерікті түрде ҚҚС төлеуші ретінде есепке тұра алады.

Кімдер ҚҚС-тан босатылады?

Жаңартылған Салық кодексіне сәйкес, бірқатар тауарлар мен қызметтер қосылған құн салығынан босатылады. Олардың қатарына Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін медициналық қызметтер, сондай-ақ Үкімет бекіткен тізім бойынша орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу қызметтері кіреді.

ҚҚС төленбейтін бағыттарға баспа түріндегі кітаптарды шығару, археологиялық зерттеу жұмыстары да жатады. Бұған қоса, 2025 жылдың соңына дейін құрылысы басталған тұрғын үйлердің сатылуы немесе жалға берілуі де салықтан босатылады.

Айта кету керек, арнайы салық режимін қолданатын кәсіпкерлер ҚҚС төлеуші ретінде тіркеле алмайды.

Арнайы салық жүйесінде қалу тәртібі

Жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін Қазақстандағы арнайы салық режимдерінің саны жетіден үшке дейін қысқарады. Әр режим нақты бір санаттағы кәсіпкерлерге арналған.

Бірінші режим – өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға бағытталған. Оны ай сайынғы табысы 300 АЕК-тен аспайтын, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген және жалдамалы қызметкерлері жоқ азаматтар қолдана алады. Бұл топ үшін табыс салығы нөл пайыз, ал әлеуметтік төлемдер көлемі 4% болып белгіленеді. Режим кімдерге қолжетімді болатынын Үкімет бекіткен тізім анықтайды.

Екінші режим – оңайлатылған декларация негізіндегі жүйе. Жылдық табысы 600 мың АЕК-ке дейін жететін кәсіпкерлер (2025 жылғы есеппен шамамен 2 млрд 359 млн теңге) осы форматта жұмыс істей алады. Бұл жағдайда жеке немесе корпоративтік табыс салығы 4% мөлшерінде алынады, бірақ өңірлік мәслихаттар бұл мөлшерлемені 2%-дан 6%-ға дейін өзгертуге құқылы. Экономика министрлігі бұл режим көбіне жеке тұлғаларға қызмет көрсететін, яғни B2C секторы үшін тиімді екенін айтады. Мысалы, шағын дүкендер, шаштараздар, шеберханалар және тұрмыстық қызмет көрсететін кәсіпкерлер осы санатқа жатады.

Үшінші режим – шаруа және фермер қожалықтарына арналған. Бұл жүйе бұрынғы тәртіпте сақталады. Оны ҚҚС төлемейтін, жалпы жер көлемі 5 мың гектардан аспайтын қожалықтар қолдана алады. Айта кетерлігі, өңір немесе жер түріне қарай бұл лимит төмен болуы мүмкін. Бұл режимде табыс салығының мөлшерлемесі 0,5% деңгейінде белгіленген.

Егер кәсіпкерлік субъектісі жаңа талаптарға сәйкес келіп, 2026 жылы да осы жеңілдетілген режимдердің бірінде қалғысы келсе, 2025 жылдың соңына дейін ҚҚС төлеушілер қатарынан шығып, 2026 жылдың 16 ақпанына дейін IV тоқсан бойынша декларация тапсыруы керек. Ал егер талаптарға сәйкес келмесе, жалпы белгіленген салық салу тәртібіне өтіп, бұл туралы 2026 жылдың 1 наурызына дейін салық органдарына хабарлауы тиіс.

ҚҚС төлеуші ретінде тіркелу тәртібі

Қосылған құн салығы бойынша тіркелу, есептен шығу және есеп тапсырудың барлығы онлайн форматта жүргізіледі. Кәсіпкерлер бұл рәсімдерді «Салық төлеушінің кабинеті» немесе eGov.kz порталы арқылы орындай алады.

Жаңа Салық кодексінде ҚҚС тіркеуінің үш түрі қарастырылған: айналым шегіне жетпей-ақ өз еркімен тіркелгісі келетіндер үшін – ерікті тіркеу, айналымы 10 мың АЕК-тен асқан кәсіпкерлер үшін – міндетті тіркеу, ал Қазақстан азаматтарына онлайн қызмет көрсететін немесе электронды сауда жасайтын шетелдік компаниялар үшін – шартты тіркеу тәртібі қолданылады.

Мәжбүрлі түрде есептен шығару тәртібі өзгере ме?

Жаңа ережелер бойынша мұндай талап алынып тасталды. Оның орнына «жұмсақ бақылау тетігі» енгізіледі. Егер кәсіпкерлік субъектісі заң талаптарын сақтамаса немесе көрсетілген мекенжайы бойынша табылмаса, салық органдары оны бірден есептен шығармайды, тек электронды шот-фактура жазу мүмкіндігіне уақытша шектеу қояды.

ҚҚС мөлшерлемесін арттырудың тиімділігі

Мөлшерлемені көтеру ең алдымен бюджет кірісін ұлғайтуға бағытталған. Түсетін қосымша қаражат әлеуметтік төлемдерді қаржыландыруға, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын күшейтуге жұмсалмақ. Сонымен қатар ҚҚС – тұрақты және мұнай бағасына тәуелді емес салық, сондықтан бұл өзгеріс елдің мұнайға тәуелділігін төмендетуге көмектеседі. Жиналған қаражат экономиканы әртараптандыруға, жаңа салаларды дамытуға бағытталады. Ал салық тәртібін жетілдіру көлеңкелі экономиканың қысқаруына, ресми жұмыс істейтін бизнестің үлесінің артуына ықпал етеді.  

ҚҚС-тың халықтың күнделікті шығынына ықпалы

Мөлшерлеменің өсуі тауарлар мен қызметтердің бағасына тікелей әсер етіп, кейбір өнімдер қымбаттауы мүмкін. Бұл инфляцияны күшейтіп, жұрттың сатып алу қабілетінің төмендеуіне әкелуі ықтимал. Шағын бизнес үшін де қосымша салмақ түседі, себебі олардың бәсекеге қабілеттілігі әлсіреуі мүмкін. Сонымен қатар салықтың артуы кей кәсіпкерлердің қолма-қол төлемді көбірек талап ету қаупін тудырады.