18.08.2025
12:15
1040
Қозғалтқышы тез сыр беретін көліктер тізімі

Қозғалтқышы тез сыр беретін көліктер тізімі

Бүгінде өндірушілер көптеген көлікке әдетте кемінде 250 мың шақырымға дейін сенімді қызмет етеді деп уәде береді. Ал іс жүзінде олардың басым бөлігі 160 мың шақырымға да жетпей, күрделі техникалық ақауларға тап болып жатады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Motorbiscuit басылымы ұзақ мерзімді пайдалануда келмейтін 10 көлік моделін атады.

Jeep

Бұл брендтің атауы мықты болғанымен, мамандар арасында оған деген сенімділік төмен. Автомеханиктердің айтуынша, тіпті жаңа сатып алынған Jeep-тің өзі 160 мың шақырымға дейін қымбат жөндеусіз жүре алмайды. Ал Wrangler мен Grand Cherokee модельдерінде аспа коррозиясы, рульдік басқару ақаулары және электрониканың істен шығуы секілді мәселелер жиі кездеседі.

Mercedes-Benz

«Мерседес» – бренд. Бұл көлік адамға танымал немесе беделді тұлға сезімін сыйлайды. Бірақ соңғы жылдары бренд мүлдем сенімге сай болмай жүр. Қазіргі модельдерде пневмоілгіштің (Airmatic) істен шығуы, электрониканың бұзылуы, майдың  ағуы мен трансмиссияның «мінез көрсетуі» жиілеп кеткен.

Audi

Сәнді әрі технологиялық Audi қалтаңды қағатыны анық. Әсіресе оның жүрілген қашықтығы 160 мың шақырымнан асса. Тікелей бүрку жүйесінде көміртек жиналуы, DSG қорабының істен шығуы, майдың шамадан тыс жануы және ГРМ тізбегінің кергіші – негізгі проблемалары осылар.

General Motors (Cadillac Escalade, Chevrolet Silverado, GMC Sierra, Chevrolet Tahoe және т.б.)

GM-нің кейбір үлгілері ұзақ сапарға шыдас бермейді. Басты әлсіз тұсы – автоматты қорап пен 6,2 литрлік V8 L87 қозғалтқышы, олар әдетте қымбат жөндеуді қажет етеді.

Mini Cooper

Өзі шағын әрі сүйкімді көлік, бірақ баптауы тым қымбат. 2001-2012 жылдары шыққан үлгілерде сым жүйесінің бұзылуы, қозғалтқыш пен трансмиссияның ақаулары жиі кездеседі.

Fiat 500

Тартымды көлік. Шағын ғана көлеміне қарап үнемді шығар деп ойлауыңыз мүмкін, дегенмен іс жүзінде өте сенімсіз. Әсіресе 1,4 литрлік MultiAir қозғалтқышы бар модельдері иесін біраз әбігерге салуы мүмкін. Темір тұлпардың бұл түрінде май жүйесіндегі ақалаулар жиі кездеседі, тіпті қозғалтқыш жарылып та кетуі мүмкін.

Nissan Altima

2013-2018 жылдары шыққан үлгілерде ГРМ тізбегінің кергіші істен шығатын, ал майды шамадан тыс жағатын. 2019-2022 жылдардағы үлгілерде вариатор жиі бұзылады, мұндай жайттар 160 мың шақырымға жетпей-ақ болып жатады.

Chrysler 300

Көлемді әрі сәнді седан, бірақ сенім артуға аса келмейді. 2011-2014 жылдары шыққан үлгілерде шамамен 150 мың шақырымға жеткен соң трансмиссия, электр жүйесі мен қозғалтқыштан үлкен мәселелер шыға бастайды.

Kia Optima

Кореялық танымал седан да автомеханиктердің «сүйікті» көлігі. 2011-2015 жылдары шыққан нұсқаларының қозғалтқышы жиі бұзылатын. Кейінгі (2016-2020) үлгілерінде трансмиссияға қатысты мәселелер көп.

Mitsubishi Mirage

Арзан әрі үнемді көлік, бірақ қазақ «арзанның сорпасы татымас» деп бекер айтпаса керек. Мұндай көлік иелері қозғалтқыштағы ақауларға, қатты дірілге, вариатордың бұзылуы мен басқа да маңызды мәселелерге жиі шағымданады. Әдетте мұндай шағымдар көлік 160 мың шақырымға жетпей-ақ түсіп жатады екен.

Бұған дейін көліктің қозғалтқышын жылдам бұзатын негізгі себеп аталған еді. Сонымен қатар алыс сапарға шығар алдында көлікті қалай дайындау керектігі туралы жазғанбыз