Қостанайлық полиция қызметкері екі адамның өмірін арашалап қалды

16 Қаңтар, 02:30 648

Қостанай облысында полицей екі адамның өмірін сақтап қалды. Қарабалық полиция бөлімінің жедел уәкілі Әмержан Топалов еңбек демалысына да қарамастан адамдарды құтқарып қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 қаңтар күні оның ұялы телефонына танысы қоңырау шалып, көрші ғимараттағы пәтерде газ шығып жатқанын айтқан.

Әмержан дереу барлық арнайы қызметтердің нөмірлерін теріп, оқиға болған жерге қарай барған. Пәтер 1-қабатта орналасқан. Есіктен кіре алмағандықтан, ішке терезе арқылы кіруге мәжбүр болған.

Маған танысым Қуандық көмектесті. Пәтерге кіргенімізде өткір иіс шығып тұрды. Біз бірден газды өшіріп, барлық терезелерді аштық. Қонақ бөлмеге кіргенде, ауызынан көбік шығып, қозғалмай жатқан әйелді көрдік. Ал жатын бөлмеде конвульсиямен жатқан қызы болды. Біз оларды пәтерден шығардық, ал сыртта жедел жәрдем келіп үлгерген еді, - деді Топалов.

Белгілі болғандай, пәтердегі газ плитасының қақпағы қатып қалған.

Қазір тұрғындардың денсаулығы мен өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Перизат Саденова
Бөлісу: