26.12.2023
22:52
1219
Қостанайда қар құрсауынан құтқарылған адамдар жылыту пунктіне жеткізілді

Қостанайда қар құрсауынан құтқарылған адамдар жылыту пунктіне жеткізілді

Қостанай облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты жолда қалған адамдарға жедел көмек көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап.  

Дәл қазір Қостанай облысында 257 жылыту пункті (13 республикалық, 11 облыстық және 232 ЖАО) жұмыс істеп тұр. Облыстық ТЖД мәліметінше, ондағы жалпы орын саны — 11 255. Бұл пунктер ауа райының нашарлауына байланысты қиын жағдайға тап болған жүргізушілер мен жолаушыларға аса қажет. Айта кетсек, Әулиекөл ауданы Әулиекөл ауылында мектеп-интернат базасы мен ДЭУ-55-те жалпы сыйымдылығы 74 орындық пункт бар.

Әулиекөл бастауыш мектебінің жылыту пунктіне 24 адам орналастырылып, бәрі азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Төтенше жағдайлар қызметінің күшімен құрғақ азық үлестірілді. Айта кетейік, құтқарушылар бүгін тағы 9 адамды қар құрсауынан алып шықты. 26 желтоқсан күні Қостанай ауданының Надежинка кентінен Қостанай қаласына бет алған құтқару бригадасы Тобыл өзенінің жағасынан Priora көлігін байқаған.

Көліктен әрі қарай 2 шақырым қашықтықта, жол бойында 4 ер адам табылды. Сөзіне сенсек, олар балық аулап жүріп, боранның қалай күшейіп кеткенін аңдамай қалған. Оның үстіне көлігі бұзылған (аккумуляторында ақау бар).  Мамандар оларды Трекол көлігімен алып кетті. Сондай-ақ Боровское-Молодежное автожолында 3 жеңіл көліктен 5 адам эвакуацияланды. Бәрі Молодежное ауылына жеткізілді.