Қостанайда көпбалалы отбасында үшем дүниеге келді

10 Сәуір, 17:28 1370

Қостанайлық Абдрахмановтар отбасында Айару, Ардан және Арлан есімді үшем дүние есігін ашты. Бұлардан бөлек Ақшагүл мен Жалғас тағы бес бала тәрбиелеп отыр. Олардың үлкені 18-де болса, кішісі 2 жаста. Бүгін анасы мен үш сәбиі үйлеріне шығарылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қостанай облыстық ауруханасы Қостанай перинаталдық орталығының медициналық бөлімі бойынша бас дәрігердің орынбасары Борис Аутеновтың айтуынша, Қостанайда үшем жиі кездесетін құбылыс емес. Соңғы 10 жылда бұл жағдай үшінші рет тіркеліп отыр.

Ерлі-зайыптылар балаларының көп болғанын қалаған және үшемдердің дүниеге келуін "алланың сыйы" деп бағалағандарын айтты. Әбдірахмановтар отбасын алғашқылардың бірі болып Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев құттықтады.

Барлық қала тұрғындары, облыс әкімі және өзімнің атымнан осы қуанышты жағдаймен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бүгінде біздер қиын күндерді бастан өткерудеміз. Болып жатқан қиындықтарда қостанайлықтар бастарын біріктіріп, бір кісідей төтеп берді. Қазір су тасқынының шарықтау шегінен өттік. Осы сәтте Қостанайда үш баланың дүниеге келуін жақсылық нышаны  деп білемін. Ауыр күндер бітіп, жаңа күн жақсылықпен басталып жатыр, - деді аймақ басшысы.

Қостанайда су тасқынымен көптеген қалалық кәсіпорындар, соның ішінде құрылыс кәсіпорындарының қызметкерлері  де күресті. Солардың бірі – Игорь Ким бастаған «БК-строй» құрылыс компаниясы.

Аталмыш компания көпбалалы Әбдірахмановтар отбасы үшін күтпеген тосын сый жасап, 109 шаршы метр жаңа пәтердің кілтін табыстады. Бұған дейін отбасы жекешелендіру құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйде, 58 шаршы метр жерде тұрып келген.

Ерлі-зайыптылардың қуанышында шек жоқ, көз жастарын тыя алмай жүр.  

Жаңа үйге бірден көшіп алатын шығармыз. Өз басым бұл сыйға әлі де сене алмай отырмын! Әкімдік пен "БК-строй" компаниясына осындай жомарт сыйлық үшін алғысым шексіз, – деп сәбилердің анасы жоспарларымен қуана бөлісті.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: