Қостанайда көлікті заңсыз тіркегендер 591 млн шығын келтірген

2 Сәуір, 09:50 591

ҚМА Қостанай облысы бойынша департаментімен 83 ауыр салмақты көлікті бастапқы тіркеу үшін төлемсіз заңсыз тіркеу фактісі бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекетке келтірілген шығын 591 млн теңгені құрайды.

Республика бойынша басталған ауқымды тексеру аясында Қостанай облысының бірқатар тұрғындары 2020-2023 жылдар аралығында Еуропадан Қазақстан аумағына шет мемлекеттердің шығарылған жылы туралы жалған ақпаратты көрсететiн тіркеу куәліктерін пайдаланып, жүк көлік тіркемелерін әкелгені анықталды, - делінген ҚМА ақпаратында.

Бұл бастапқы тіркеу төлемін 7 млн теңгеден 700 мыңға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

Салық кодексіне сәйкес, шығарылған күні расталған жүк көліктері үшін төленетін сома 2500 АЕК болатын еді, бірақ күдіктілер жалған құжат арқылы 350 АЕК төлеген.

Күдіктілердің тұрғылықты жері мен қызметтік үйлеріне тінту кезінде халықаралық жүкқұжаттар, шот-фактуралар мен кедендік төлемдерді төлеу түбіртектері, көлік құралдарын сатып алу келісімшарттары, декларациялар анықталып, тәркіленді.

Сот санкциясымен жоғарыда аталған көліктерге, сондай-ақ күдіктілердің 1 млрд теңгеге жуық мүлкіне тыйым салынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: