Қостанайда «кәсіпкерлер» криптовалютаның арқасында 1 млн 350 мың доллар табыс тапқан

27 Наурыз, 11:37 666

Қостанай облысында криптовалютаның заңсыз айналымын іске асырған екі азаматқа қатысты сотқа дейінгі іс қозғалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚМА мәліметінше, 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қостанай қаласында криптовалюта платформасында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымын жүзеге асырған, аса ірі көлемде кіріс алумен байланысты аталған тұлғалардың заңсыз кәсіпкерлік әрекеттерінің жолы кесілді.

Клиенттерді енгізу және тарту үшін олар криптовалюта алмасу веб-сайтын жасады, ол арқылы кез келген адам криптовалюта айырбастауына өтініш бере алады.

Аталған тұлғалардың тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту нәтижесінде заңсыз әрекетті растайтын заттар: жүйелік блоктар, ноутбуктер, криптовалюта биржаларының қосымшалары бар ұялы телефондар, криптовалюта айырбастау пунктінің сайты, сондай-ақ логин және криптовалюта биржасында шоттың құпия сөзі жазылған құрылғы табылды, - делінген мәліметте. 

Күдіктілердің мүлкі мен криптовалюта шотындағы қаражат тәркіленді.

Кепілсіз цифрлық активтерді сатудан түскен заңсыз кіріс шамамен 1 млн 350 мың АҚШ долларын құрады. Тергеу жалғасуда.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: