Қостанай облысының әкімі жолы, ауыз суы, тіпті жайылымы жоқ ауылға барды

16 Мамыр 2023, 13:02 1381

Қостанай облысында ахуалы ауыр, жолы жөндеусіз, ауыз суы сапасыз, жайылымы тар, шағымы көп елді мекендер әлі де баршылық. Солардың бірі – Алтынсарин ауданындағы Димитров ауылдық округі. Биылдан бастап аталған округтің тіршілігіне қан жүгіре бастамақ. Аталған ауылға іссапармен барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов тұрғындармен кездесіп, түйткілді мәселелерді ортаға салды.

Димитров ауылдық округіне Танабай және Воробьев атты екі елді мекен қарайды. Округте шешімін күткен мәселе көп. Солардың ең өзектісі – қатынас жолының қиындығы. Зуев ауылынан Танабайға апаратын жолдың қашықтығы – 16 шақырым. Ойлы-шұңқырлы, бейнетті жол, толықтай қанағаттанарлықсыз күйде. Танабай мен Воробьев арасын жалғайтын 18 шақырым жолдың да жағдайы адам шошырлық. Жаңбыр жауса, мидай езіліп, қыста қар сипап кетіп, қатынас жоғалып жатады. Ауылішілік жолдардың ахуалы да жетісіп тұрған жоқ. Барлығы да жөндеуді қажет етеді.

Жалпы, биыл аудандық маңызы бар 82 шақырым жол жөнделеді. Соның ішінде 16 шақырымдық Танабай жолы да асфальтталғалы отыр. Екі жыл мерзімге есептеліп отырған жобаға 846 млн теңге қарастырылған. Мұнымен қоса, ауыл көшелерін жөндеу, жарықтандыру жұмыстары да жоспарланып отыр, - деді аудан әкімі Арнұр Сартов өз есебінде.

Тұрғындар бұл жаңалыққа қуанысып қалғанымен, әзер дегенде қолдары жеткен бұл игілік сапалы жүзеге асқанын қалайды. Мердігерлер жол құрылысына жүрдім-бардым қарамауы үшін қатаң қадағалау болса, тіпті жұмыс барысын бақылап отыруға тұрғындарға да құқық берілсе деген тілектерін айтты.

Мемлекет бізге сұраған сайын ақша бөле бермейді. Сондықтан жолға салынған қаржы ұстағанның қолында, жегеннің ауызында кетіп қалмаса, әр тиын өз орнына жұмсалса екен. Осында өмір сүріп жатқан біздің тіршілігіміз үшін ауадай қажет қаражат. Асфальт көрнекілік үшін салынбаса дейміз. Сондықтан құрылыстың нақты қашан басталатынын, оны кімдердің қадағалайтынын білгіміз келеді, - дейді өзін Рустам деп таныстырған ауыл тұрғыны.

Сіз өте дұрыс айтып отырсыз. Алаңдаулысыздар. Сондықтан талаптарыңыз өте орынды. Өкінішке қарай, біз ондай немқұрайдылыққа аз куә болған жоқпыз. Бұл да сол бақылаудың әлсіздігінен. Ал нақты сұрақтарыңызға жауап берейін. Жол құрылысы биыл, трассадан емес, сіздердің ауылдарыңыздан басталады. Екі жылда аяқтап береміз. Бақылау мәселесіне келсек, сіз секілді ауылына жанашыр адамдар көп болуы керек. Ал ауыл азаматына қадағалау кезінде ешкім кедергі болмауы тиіс. Өйткені ең әділі, сенімдісі – қоғамдық бақылау, - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы ауылдықтарға егер де қандай да бір құқық бұзушылық байқалса, арыз жазып, арнайы зертханаға жолдауға болатынын айтты. Сондай-ақ, өз араларынан бақылаушы топ құруға да кеңес берді.

Ауылдық округте орталықтандырылған ауыз су да болып көрмеген. Воробьев ауылына екі жыл бұрын су тарату құрылғысы орнатылыпты. Ал Танабай жұрты аптасына бір рет тасымалданатын тұщы сумен күнелтіп отыр. Биылдан бастап бұл мәселенің де шешімін табатын түрі бар. Аудан әкімінің айтуынша, Танабай ауылына 2,609 млрд теңгеге сумен қамту желісі орнатылады. Ал ауылдарды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру ісін округтегі "Айдала", "Парасат", "Олжа Беляев" ЖШС-тері міндетіне алғалы отыр.

Ауылдықтарға маза бермейтін ендігі бір мәселе – жайылымның жоқтығы. Алдарында азын-аулақ ІҚМ, қой-ешкісі бар қарапайым жұрт бүгінде малдарын жаятын адым жерге зар болып отырғандарын жарыса айтты. Еркін жайылымның ауыл әкімі айтқан көлемі бір басқа, шулап берген тұрғындар тілге тиек етіп отырған деректер мүлде бөлек. Жердің иелері көбейіп, жағалай соқа салып тастаған. Көбі өріс болмағандықтан, қолдағы түлігін сойып, сатып жіберуге мәжбүр болыпты.

Есімде бар, кеңес заманы кезінде үйір-үйір, отар-отар, мыңғырған мал осы ауылдың төңірегіне еркін сыйып жататын. Бүгінде ауыл халқы да азайды, бұрынғыдай шаруашылықтар да көп емес, ал ауыл аумағы бұрынғы қалпы. Түсінбейтінім, азғантай ғана үй жануарына жайылым табылмай қалды деген не сұмдық? Мұны тексеру керек. Бұл мәселені дереу шешуді ауыл әкіміне қадап тапсырамын. Егер елдің сенімінен шығамын десеңіз, осы келеңсіздікті біржақты етіңіз, - деді өңір басшысы.

Ауыл тұрғындары тасымал көлігінің жоқтығы, елді мекеннің экологиялық мәселесі, ауылда үй салуға жеңілдіктер қарастыру және өзге де өзекті сұрақтарын ортаға салып, жауаптарын алды.

Жалпы, ауылдық округ аумағында "Айдала", "Агрофирма "Парасат", "Олжа Беляев" және 23 шаруа қожалығы бар. Олар жұмыссыздық салмағын жеңілдетуге едәуір септігін тигізіп отыр. Мұның сыртында, "Асқаров" шаруа қожалығы базасында сүт қабылдау пунктері ашылған. Қарапайым халық сүттің литрін 150 теңгеден тапсырып, нәпақаға айналдырып отыр. 

Ал аудан әкімі жалпы ауылдарды дамытуға арналған жоспарлармен таныстырды. Алдағы уақытта ауданға қарасты Первомай және І.Омаров ауылдарына су құбырларын тарту, Щербаков-Красный Кордон ауылдары аралығына тас жол салу, Щербаковта балабақша және дене шырықтыру-сауықтыру кешенін салу, Свердловта бұрығны мәдениет үйін жаңарту міндеттері тұр. Сонымен қатар, биыл Большой Чураков ауылында газ тарту, мәдениет үйін салу жұмыстары басталады.

Бейбарыс Сұлтанұлы
Бөлісу: