Қостанай облысында жыл басынан бері 35 мыңнан астам автомобиль құрастырылды

16 Маусым 2023, 18:30 677

Жыл басынан бері қысқа мерзімді экономикалық индикатор 3,4 пайызға, орташа еңбекақы 23 пайызға өсті. Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қостанай облысында негізгі капиталға инвестициялар көлемі 38,1, өңдеу өнеркәсібінің 21,8, көлік 8,9, құрылыс жұмыстары 6,7, ауыл шаруашылығы 4,1, тұрғын үйді пайдалануға беру мен сауда 3,5 пайызға өсуі қамтамасыз етілді.

Құмар Іргебайұлы машина жасауда шығарылатын жеңіл автокөліктер модельдерінің желісі кеңейтіліп келе жатқанын айтты.

Республикада өндірілген барлық автокөліктің 61 пайызы Қостанай облысында құрастырылған. Жыл басынан бері 35 мыңнан астам автомобиль құрастырылып, оның ішінде 7 мыңы экспортқа жіберілген, - деді әкім.

Сонымен қатар Құмар Ақсақалов биыл қаңтар-мамыр айларында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 106,9 миллард теңгені құрады дейді.  

Салаға 44 пайыздық өсіммен 35 миллиард теңге инвестиция тартылды. Негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің тұз, күріш, қантты қоспағанда басқалары өзімізден өндіріледі, - деді Құмар Ақсақалов.

Биыл майлы дақылдар егісі 750 мың гектарды құраса, жарма алқаптары 5,8 пайызға ұлғайтылды.

 

Ажар Лаубаева
Бөлісу: