Қостанай облысында төтенше жағдай жарияланды

6 Сәуір, 14:00 850

Қостанай қаласының тасқынға қарсы жедел штабының мәліметінше, Қаратомар су қоймасынан көп көлемде су ағызылуына байланысты, жағдай ушығып барады. Сондықтан тұрғындарға көшуге дайындалу керегі ескертілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Қостанай таңы газетіне сілтеме жасап.

Осы жылы, “Қазгидрометтің” болжамы бойынша, ең ірі Жоғары Тобыл және Қаратомар су қоймаларына жалпы көктем маусымында 450-ден 700 млн текше метрге дейін су түсуі ықтимал делінген-ді. Мұның өзі – жылдық орташа 413 млн текше метр межемен алғандағы жорамал еді. Алайда соңғы 2 күнде қос қоймаға 1 млрд текше метр су жиналды. Мамандар мұншалық ауқымдағы суды 1980 жылдан бері көрмегендерін айтып отыр.

Қазіргі уақытта, Қаратомар су қоймасының шамадан тыс толып кетуіне байланысты, артық суды ағызу секундына 10 текшеден басталып, 1,5 мың текше метрге дейін жеткізілді. Ал мұның салдары қаланың жағалауға жақын аумақтарына зор қауіп-қатер төндіріп тұр. Атап айтқанда, “Дорожник”, “Садовод”, “Мичуринец” бау-бақша қоныстарын және “Колесные ряды” ауданын су жайлауы мүмкін.

“Аталған аумақтардың тұрғындары құзіретті органдар бірінші талап еткен сәттен бастап, ұйымдасқан түрде эвакуацияға кірісуі керек. Бұл шарада егде кісілерге, жүріс-тұрысы қиын азаматтар мен балаларға ерекше көңіл бөлу сұралады. Алдын ала құжаттарыңыз бен алғашқы қажеттілігі бар заттарыңызды даярлап қойыңыздар. Сіздерге автобустар жіберіліп, олар эвакопункттерге қатынайды. Уақытша қоныстарда ас-ауқат және жатын орын әзірленген”, – делінеді қалалық штаб хабарламасында.

Қостанай қаласы аумағында тұрғындарды эвакуациялауға арналған бірнеше пункт әзірленіп қойылған. Олар:

– ҚР ІІМ Академиясының жатақханасы;

– Қостанай индустриялық-педагогикалық колледжі;

– Қостанай автомобиль көлігі колледжі;

– Қостанай қызмет көрсету салалары колледжі;

– Қостанай құрылыс колледжі;

– “Дружба” профилакториясы;

– №2 мектеп-лицей спорт залы;

– №14 ЖББМ;

– С.Мәуленов атындағы гимназия;

– №19 және №20 мектептер;

– Физика-математика лицейі.

“Құрметті қостанайлықтар! Эвакуация кезінде дүрбелеңге салынбай, құқық қорғау органдары мен ТЖ қызметкерлерінің заң жүзіндегі барлық талаптарын орындауларыңызды сұраймыз! Егер тасқын жеңіл өтер болса, адамдар қалдырып кеткен тұрғын үй алаптарын тәртіп сақшылары күзететін болады”, – делінеді штаб үндеуінде.

Сондай-ақ қажет жағдайда 102 немесе 109 телефон нөмірлері арқылы тиісті орындарға жүгінуге болады.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: