Қостанай облысында полицей есірткі қылмысы үшін сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қостанай қаласы ПБ Есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімі бастығының орынбасары синтетика таратқаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айрылды.
Қылмыстық іс Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Полицей «лауазымды адам өзінің қызметтік бабын пайдалана отырып, есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз сақтады, тасымалдады, сол сияқты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды» деп айыпталды. (ҚК-нің 412-1-баптың 3-бөлігінің 1)-тармағы, 297-баптың 3-бөлігінің 2), 3), 4)-тармақтары, 362-баптың 4-бөлігінің 3-тармағы).
Сотталушының асырауында кәмелетке толмаған балалардың болуы жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар деп танылды. Сотталушының жеке басын, іс-әрекетінің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің барлық мән-жайларын ескере отырып, сондай-ақ ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігінің нормаларын қолдана отырып, сотталушыға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді, - делінген хабарламада.
Ол «полиция капитаны» арнайы атағынан айырылды.
Сотталушы өз кінәсін мойындамаған, ал қорғаушылары оның әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамалары мен бейнематериалдарымен, сот сараптамасының қорытындыларымен және басқа да іс материалдарымен толық дәлелденді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.