Астанада өткен брифингте 2025 жылды қорытындылау барысында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің алдағы экономикалық дамуы үшін төрт негізгі стратегиялық бағытты айқындады. Олар: машина жасау, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, қара металлургия және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Биылғы қазан айында KIA маркалы автомобильдерді толық циклде шығаратын зауыт іске қосылды. Жоба аясында 1 500 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл – автомобиль жасау саласындағы озық технологиялар қолданылатын жоғары технологиялық өндіріс. Кәсіпорында 67 робот пайдаланылып, автоматтандыру мен роботтандырудың жоғары деңгейі қамтамасыз етіледі.
Зауыттың өндірістік қуаты KIA маркасының 13 моделіне дейін шығаруға мүмкіндік береді. Алғашқы кезеңде Sorento (MQ4), Sportage (NQ5) және Cerato модельдерін өндіру жоспарланып отыр. Жаңа автомобильдердің шығуы өңдеу өнеркәсібінің көлемін 46,5 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.
2023 жылы «KamLitKZ» ЖШС шойын құю зауыты іске қосылды (инвестиция көлемі – 78,2 млрд теңге, өндірістік қуаты – жылына 45 мың тонна, 500 жұмыс орны). Биыл кәсіпорын тағы екі ірі жобаны жүзеге асыруда: жүк көліктеріне арналған жетекші көпірлер шығаратын зауыт, сондай-ақ балкаларды жергілікті жерде өндіру жобасы (инвестиция – 160,5 млрд теңге, 650 жұмыс орны).
Жыл соңына дейін жеңіл автокөліктерге арналған автокомпоненттер зауыты іске қосылады (инвестиция – 17,8 млрд теңге, өндірістік қуаты – жылына 60 мың жиынтық, 800 жұмыс орны).
Сонымен қатар көлік-логистикалық кешеннің құрылысы қарқынды жүргізілуде (инвестиция – 63,8 млрд теңге, өткізу қабілеті – жылына 400 мың контейнер немесе 11 млн тоннадан астам жүк). Бұл халықаралық кешен іске қосылғаннан кейін жүк тасымалы көлемі 20 пайызға артады.
Металлдарды терең өңдеу саласында ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыттың құрылысы жоспарланған.
Агроөнеркәсіптік кешенде облыста өсірілетін дақылдарды толық циклде қайта өңдей алатын инвесторларды тарту жұмысы жалғасуда. Астықты терең өңдеу жобалары жүзеге асырылып, заманауи сүт-тауар фермалары салынуда.