«Қостанай – Мамлютка» автожолының 71 шақырымдық бөлігі толық жөнделді

«Қостанай – Мамлютка» автожолының 71 шақырымдық бөлігі толық жөнделді

Қостанай облысында өңір үшін маңызы зор жол инфрақұрылымы жобасы жүзеге асты. Яғни, А-21 «Қостанай – Мамлютка» республикалық маңызы бар автожолының Узункөл ауылынан Троебратское ауылына дейінгі 71 шақырымдық учаскесі толық жөндеуден өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Облыс әкімдігі бұл жолдың қалпына келтірілуі жергілікті тұрғындар үшін көптен күткен жаңалық болғанын, сондай-ақ билік пен мердігер ұйымдардың тиімді әріптестігінің нақты нәтижесі екенін атап өтті.

Республикалық маңызы бар автожол алғаш рет 1978 жылы салынған. Содан бері ұзақ жылдар бойы жолдың жағдайы күрт нашарлап, көп бөлігінде асфальт жамылғысы мүлде тозып, шұңқырлар мен ойықтар пайда болған. Кейбір жерлерде мүлде асфальт болмаған. Әсіресе күзгі және көктемгі мезгілдерде жолмен ауыр жүк көліктерінің өтуі мүмкін емес еді. Бұл жағдай ауыл тұрғындарының күнделікті тіршілігі мен жүк тасымалына елеулі кедергі келтірді.

Жол пайдалануға берілгеннен кейінгі бірнеше онжылдық ішінде тек 2018 жылы ғана 18 шақырымдық (195–213 км) бөлігінде орташа жөндеу жүргізілген. Алайда бұл бүкіл бағыттағы жағдайды түзете алмаған.

Аталған трасса Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарын байланыстырып қана қоймай, Пресногорьковка ауылы арқылы Ресей Федерациясына шығатын бағытқа да жол ашады. Бұл жолды күнделікті Троебратское, Сатай, Фёдоровка, Ұқатқан, Сокол, Сібірка, Пресногорьковка, Есмұрза, Құттыаяқ (Крутоярка), Волна, Белоглинка, Қызылбор (Красный Борок), Песчанка, Первомайка сынды ауылдардың тұрғындары пайдаланады. Жалпы бұл жол бойындағы елді мекендерде 6157 адам тұрады — бұл аудан халқының 34,5 пайызына тең.

Жолдың толық жөнделуі көлік қатынасының қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, шалғай ауылдардың облыс орталығымен және басқа өңірлермен байланысын жеңілдетіп отыр. Енді ауыл тұрғындары жылдың қай мезгілі болмасын еш қиындықсыз қатынай алады, ал кәсіпкерлер мен тасымалдаушылар үшін жол қолайлы әрі тиімді болады. Жобаның іске асуы — өңірлік инфрақұрылымды дамытудың, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартудың нақты көрінісі. Жөндеу жұмыстары барлық стандарттарға сай жүргізілген, ал жаңартылған жол бөлігінің жағдайы үнемі бақылауда болады деп жоспарлануда,-делінген әкімдік мәліметінде.