Қос азаматтықпен жүрген Алтай тұрғыны елден шығарылды

15 Тамыз 2023, 19:05 837

Қос азаматтықпен жүрген Алтай тұрғыны елден шығарылды. Енді ол алдағы 5 жылда Қазақстан аумағына кіре алмайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы облыс аумағында тұратын қос азаматтығы бар тұрғындарды анықтау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп жатыр.

ҚР ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстан азаматтығынан айырылудың 250-ден астам фактісі тіркелген. Негізгі бөлігі Ресей Федерациясының азаматтығын алған адамдар. Шетел азаматтығын алу фактісі туралы белгіленген мерзімде хабарламағаны үшін 31 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тамыз айында көші-қон қызметінің қызметкерлері Алтай қаласының 25 жастағы тұрғынын анықтаған. Ол 2023 жылдың шілдесінде көрші елдің азаматтығын алып, бұл туралы билік өкілдеріне хабарламаған. Құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жас жігіттен ҚР азаматының жеке куәлігі мен паспорты тәркіленді. Сондай-ақ Қазақстан азаматтығынан айыру тіркелді, - делінген мәліметте.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес енді шетелдік азамат Қазақстанға алдағы 5 жылда кіруге болмайды. ШҚО ПД көші-қон қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, елде қос азаматтыққа жол берілмейтіні туралы еске салады және көші-қон заңнамасын сақтауды сұрайды.

Перизат Саденова
Бөлісу: