515.25
535.91
5.18

Қорқыныштан бұрын борышым бірінші орында тұрады – 23 жастағы құтқарушы

жеке мұрағаттан
19 Қазан, 11:56 483

Бүгін, яғни 19 қазан еліміздің құтқарушылары кәсіби мерекелерін атап өтіп жатыр. Құтқарушылар күніне орай El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі осы салада еңбек етіп жүрген бүгіннің батырларының бірімен сұқбаттасты.

2001 жылы туған Нұрдәулет Мейірбеков – елордадағы №23 өрт сөндіру бөлімінің сөндіруші-құтқарушысы. Оның азаматтық қорғау саласында құтқарушы болып қызмет етіп жүргеніне екі жылдай уақыт болған.

El.kz: Нұрдәулет, кәсіби мереке құтты болсын! Әңгімемізді өзіңізден бастасақ... Қалай өрт сөндіруші болдыңыз? Біреу бағыт-бағдар берді ме?

Нұрдәулет Мейірбеков: Бұл мамандықты ағам екеуіміз бірге таңдадық. Кішкентай кезімізден құтқарушылар туралы кинолардан, жаңалықтардан көріп, «біз де құтқарушы болсақ қой» деп еліктейтінбіз, армандайтынбыз. Мектепті бітіргеннен кейін колледжде өрт сөндіруші мамандығына оқыдық. Арнайы орта біліміміз бар. Оқуды аяқтағаннан кейін әскерге барып, Отан алдындағы борышымды өтедім. Сөйтіп 2022 жылы осы салаға жұмысқа тұрдым. Қазір туған ағам №4 өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейді.

El.kz: Әулеттеріңде ағаң екеуіңнен басқа да құтқарушылар бар ма?

Нұрдәулет Мейірбеков: Отбасымызда ағам екеуімізден басқа өрт сөндірушілер бар. Әкемнің інісі Жамбыл облысының Шу қаласында қарауыл бастығы болып қызмет етеді. Ал атам Мейірбек офицер кісі болған. Ол полковник шеніне дейін қызмет атқарған.

El.kz: Мамандық өзіңе ұнай ма?

Нұрдәулет Мейірбеков: Әлбетте, өзіме ұнайды. Ұнамаса бұл салаға келмеуші едім...

Иә, қиындық болып тұрады. Бірақ адамдардың алғысын алғанда барлық қиыншылық ұмытылып кетеді.

El.kz: Өрт сөндіруші-құтқарушы болу үшін қандай дайындық керек? Өздеріңді шақыртуларға қалай дайындайсыңдар?

Нұрдәулет Мейірбеков: Қазір өрт сөндіруші-құтқарушы болып екі жылдан аса уақыт қызмет етіп келемін. Әрине, біздің қызмет өте қиын әрі ауыр. Бірақ күн сайын біз білімімізді, біліктілігімізді арттыру үшін сабаққа қатысамыз. Дене бітімімізді шынықтырып, шымыр болу үшін физикалық жаттығулар жасаймыз.

Бізде ең бастысы – психология. Психологиялық жай-күйімізді де нығайту үшін түрлі сабақтар өткізіліп тұрады.

Дабыл қоңырауы соғылған кезде өрт сөндіру техникасына отырып, шақыртуға шығамыз. Өрттің арасына адамдарды құтқаруға кірген кезде әрине қалың, қою түтіннен ауа жетпей, оттың алауынан денең күйгенде қорқыныш сезімі болатынын жасырмаймын. Алайда қорқыныш сезімінен бұрын борыш, міндет сезімі ең бірінші орында тұрады.

El.kz: Нұрдәулет, сен үшін жұмыстағы ең қиыны неде? Мысалы, шақыртуларға шыққан кезде қандай да бір кедергілер бола ма?

Нұрдәулет Мейірбеков: Ең қиыны – өз миыңдағы ой. Ол – адам өмірі сенің қолыңда деген ой. Сенің осы сәтке дейін оқыған білімің, дайындығың, жаттығуларың – соның бәрі әсер етеді.

El.kz: Құтқарушы мамандығын таңдағаныңа өкінген сәттер болған жоқ па?

Нұрдәулет Мейірбеков: Ондай сәттер болмады деп айта алмаймын. Кейде ауыр кездер болған кезде мұндай ойлар келеді. Дегенмен ер азамат болғаннан кейін осы қызметті саналы түрде таңдап, шешім қабылдап келдім. Сол себепті тек алға, артқа жол жоқ. Өйткені өрт сөндіру біз үшін міндет, абырой және мақтаныш.

El.kz: Әрбір өрт сөндірушіде қандай құрал-жабдықтар болуы керек? Өрт сөндірушінің киімінің салмағы қанша?

Нұрдәулет Мейірбеков: Бізде әрқайсысымызда оқпан, түнгі уақыттарда шам болады. Жалпы өрт сөндірушіде жауынгерлік киімі, өрттен құтқару белбеуі, балта, қолғаптар, түтіннен, газдан қорғайтын құралдар болады. Олардың салмағы шамамен 20 келіден асады.

El.kz: Екі жылдық тәжірибеңізде қандай сәттер есіңізде қалды? Мысалы, ең алғашқы ауыр өртіңіз...

Нұрдәулет Мейірбеков: Ең бірінші ауыр өртім 2 жыл бұрын Жағалау жақтағы қамыс өрті болды. Қамыс адам бойымен бірдей, тіпті одан да биік болатын. Жел соққан кезде түннің салдарынан көзің көрмей, демала алмай, қиналған едім. Ол кезде өртті сөндіру үшін тәулік бойы жүргеніміз есімде.

El.kz: Ал жұмысқа тұрғаннан кейінгі ең алғашқы шақыртуға шыққан кезіңіз ше? Есіңізде қалды ма?

Нұрдәулет Мейірбеков: Ең бірінші өртке қоқысқа шыққанмын. Бөлімде кешкі уақытта тазалық жұмыстарын жүргізіп жүргенде шақырту болды. Алғашқы өртім болғаннан соң қобалжу, алаңдау болды. Қандай өрт болатынын ойламайсың ғой. Дабыл соққанда бірден дайындыққа кірісіп, киімді киіп, қару-жарақты алып шығып кетесің. Өрт сөндіру көлігінде отырғанымда алаңдап, қобалжып бардым. «Не істесем екен? Әрі қарай қандай қадам жасауым керек?» деп, дайындық кезіндегі жаттығуларды еске түсіріп бардым. Сөйтіп өртке келсек, кішкентай ғана қоқыс жәшігі жанып жатыр екен. Осы сәт мен үшін қызықты болып есімде қалды.

El.kz: Отандастарыңызға өрт қауіпсіздігін сақтап, өзінің және өзгенің өміріне қауіп төндірмеуі үшін қандай кеңес айта аласыз?

Нұрдәулет Мейірбеков: Өрт қауіпсіздігі мәдениетін дұрыс сақтауға шақырамын. Бұл ереже, талаптарға салғырт қарамауға кеңес беремін. Өйткені бүгін болмаса да, басқа жолы арты қайғылы сәтке ұрындыруы мүмкін. Сол себепті әрдайын талапты, ережені қаперде ұстау керек.

El.kz: Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс айтамын. Бүгінге кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Еңбегіңіз елене берсін!

Айдана Мұрат
Бөлісу: