Елорданың Ұлттық әскери-патриоттық орталығында әскери қызметші әйелдерге арналған музыкалық кеш өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараны Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігі, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК Шекара қызметі және Ұлттық ұлан ұйымдастырды. Өнер арқылы олар ерлердің мамандығын үйреніп, өз ісінің майталманы атанып қана қоймай, шаңырағының шаттығын сақтап жүрген әйелдерге құрмет көрсетті.
Әйел әскери қызметшілермен қатар іс-шараға елордалық он колледждің студенттері мен курсанттары да қатысты.
8 наурыз қарсаңында өткен ғасырлардағы ержүрек жауынгерлер мен Ұлы Отан соғысы майданына қатысқан әйелдерге арналған іс-шара дайындадық. Біз қазақстандықтардың бейбіт өмірін көздің қарашығындай сақтап жүргендерді де ұмытқан жоқпыз, - деді "Аtamnyn Amanaty" қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев.
Замандасымыз прапорщик Анар Ауқажиева әскерде 23 жыл қызмет етті. Мемлекеттік спорт және туризм академиясын «қарусыз өзін-өзі қорғау» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін қоян-қолтық ұрыстан жекпе-жектерге қатысты. Қазір ол «Қалқан» арнайы мақсаттағы батальонының мергені, әйелдер арасындағы қоян-қолтық ұрыстан нұсқаушы. Жиырма рет парашютпен секірді. Оның күйеуі де әскери адам – отставкадағы полковник. Ұлы да әскери династияны жалғастырушы. «Жас ұлан» мектебін бітіргеннен кейін А.Ф. Можайский атындағы әскери-ғарыш академиясына оқуға түсті.
«Жас ұлан» мектебінде жұмыс істеп жүргенде Қорғаныс министріне хат жаздым, онда капитан атағында қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан әкесінің ісін жалғастырушының арманы туралы айттым. Бірнеше күннен кейін біздің мектепке Бас штаб бастығы генерал-майор Сапаров келді. Онымен сөйлескеннен кейін мені қазір қызмет етіп жүрген арнайы жасаққа шақырды, - деді Анар Ауқажиева.
Осы кеште көрермендер залы мен сахнада көптеген қызықты оқиғалар мен мереке иелеріне жақсы тілектер айтылды. Іс-шара Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның және күштік құрылымдар шығармашылық ұжымдарының мерекелік концертімен аяқталды.