Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында күзгі әскерге шақыру науқанының құқықтық аспектілері талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Қорғаныс министрлігіне сілтемежасап.
Ақмола гарнизонының әскери прокуратурасы жергілікті әскери басқару және қылмыстық қудалау органдарының, Астана қаласы мен Ақмола облысы әкімдіктерінің өкілдерімен кеңес өткізді.
Кездесу барысында Астана қаласы мен Ақмола облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменттері өкілдерінің күзгі шақыру науқаны кезінде әскерге шақырылушылардың конституциялық құқықтарын мүлтіксіз сақтау қажеттігіне назар аударылды. Бұл ретте отбасылық және кәсіптік қызметке байланысты мән-жайларға қатысты кейінге қалдыру мәселесі бойынша шешім қабылдауға адами фактордың әсерін болдырмауға ықпал ететін азаматтарды әскери қызметке шақыруды цифрландыру бағытындағы жұмысты күшейту тапсырылды.
Бұдан бөлек кеңеске қатысушыларға медициналық комиссиялар мен әскери қызмет өткеруден жалтарған әскерге шақыру жасындағы азаматтарға қатысты әкімшілік және қылмыстық жауаптылықты қолдану жөнінде түсіндірді. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау бойынша әскери басқару органдары жұмысының жай-күйіне талдау жасалды.
Жергілікті әскери басқару органдарының басшыларына Бас әскери прокурордың әскери қызметшілердің әлеуметтік құқықтарын сақтау жөніндегі талаптары жеткізілді. Сондай-ақ оларға әскери қызметшілер арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды азайтуға бағытталған профилактикалық іс-шараларды күшейту бойынша бірқатар нұсқаулар берілді.