Қорғаныс министрлігі әскери есепке алу саласында мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін қысқартуы мүмкін

2 Қараша, 11:14 304

Еліміздің Қорғаныс министрлігі Әскери есепке алу саласында мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін қысқарту ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.   

Министрлік өкілдері «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы» қорғаныс ведомствосы басшысы бұйрығының жобасын әзірлегенін мәлімдеді. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Аталған өзгерістер 2017 жылғы 24 қаңтардағы «Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу қағидаларын бекіту туралы» және 2019 жылғы 9 шілдедегі «Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне куәліктер беру қағидаларын бекіту туралы» екі бұйрыққа қатысты болып отыр. 

Нормативтік құқықтық құжат қағидаларды «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 12-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 2 маусымдағы қаулысымен бекітілген ҚР Қорғаныс министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 176) тармақшасына сәйкес келтіру мақсатында дайындалды. Ережелердегі кейбір техникалық түзетулермен қатар қызмет көрсету мерзімі үш жұмыс күніне дейін қысқарады. Бұл әскери міндеттілерге әскери билеттерді немесе олардың телнұсқаларын беруге және әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке қоюға қатысты, - деп жазылған министрлік хабарламасында. 

Бұйрық жобасының толық мәтінімен «Электрондық үкімет» порталында «Ашық НҚА» бөлімінде осы жылдың 14 қарашасына дейін мына https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15264085 сілтеме бойынша танысуға болады. 

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: