Қорғаныс министрінің орынбасары Батыс өңірге сапармен барды

27 Қаңтар, 15:05 860

Маңғыстау, Ақтөбе және Атырау облыстарының гарнизондарында қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-майор Қаныш Әбубәкіров жеке құраммен кездесулер өткізіп, бірқатар әскери нысандарды тексерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровпен және Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен келіссөздер жүргізілді. Өңірлер басшылары да әскери қызметшілердің тұрақты орналасқан жерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту жөніндегі мәселелер кешенін шешуге жәрдемдесуге дайын екендіктерін білдірді.

Ақтау гарнизонында ол жазда «Бірлестік-2024» оқу-жаттығуы өтетін «Оймаша» оқу полигонында болды. Әскери-теңіз базасына барған кезде ол әкімшілік модульдік ғимаратты, казарманы, пирсті және дивизия корабльдерін тексерді. Әскери-теңіз күштерінің сүңгуірлер орталығы құрылысының аяқталуына қарай генерал-майор Қ. Әбубәкіров жеке құрамды көшіруге тапсырма берді. 

Теңіз жаяу әскері бригадасында қорғаныс министрінің орынбасары 100 және 60 адамға арналған модульдік казармалардың орналасуын тексеріп, арнайы сыныптарды көрді. Қоймалар мен сақтау орындарын тексеру кезінде ол жабдықтарға қойылатын техникалық талаптарды сақтау қажеттілігін атап өтті. 

Ақтау гарнизонының авиациялық базасында өткен кеңесте генерал-майор Қаныш Әбубәкіров мемлекеттік мүлікке жауапты қарауға, оны ұқыпты ұстауға және электр энергиясын үнемдеуге баса назар аударды. 

Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу ауылының шалғайдағы гарнизондарында Министрдің орынбасары мерзімді қызметтегі сарбаздардың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы мен тамақтану рационын одан әрі жақсартуға назар аударды. Одан бөлек биыл Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша барлық шалғайдағы гарнизондарда әскери инфрақұрылым нысандарына күрделі жөндеу жүргізілетінін мәлімдеді. 

Көшпелі кеңес Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен Жем қаласында өтті. Оның қорытындысы бойынша әскери қалашықтың инфрақұрылымын дамыту және объектілер құрылысының барысын бақылауды қамтамасыз ету мәселелерінде атқарушы билік органдарымен өзара іс-әрекетті күшейту туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. 

Атырау гарнизонында генерал-майор Қаныш Әбубәкіров «Батыс» ӨңҚ қолбасшысымен, әуе шабуылына қарсы қорғаныс ротасының, әскери бөлімдердің командирлерімен және олардың орынбасарларымен, әскери полиция, қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшыларымен, сондай-ақ аудандық пайдалану бөлімінің бастығымен кездесті. 

Әскери бөлімдерде ол жаңа нысандар салу жобаларымен танысты, жұмыс кабинеттерін, қоймаларды, модульдік ғимараттарды аралап, казармадағы, асханалардағы санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуына және медициналық мекемелердің жабдықталуына ерекше назар аударды. 

Аталған гарнизондардағы жағдайды егжей-тегжейлі зерделегеннен кейін министрдің орынбасары жеке құрамды киім-кешекпен толық қамтамасыз ету және сарбаздың әлеуметтік әл-ауқатына әсер ететін тұрмыстық жағдайына қатысты анықталған кемшіліктерді жою қажеттігін атап өтті. Бұдан өзге ол жобалау-сметалық құжаттама талаптарына, жұмыстардың сапасына және оларды қабылдау мерзімдеріне қатысты шарт талаптарын мүлтіксіз сақтау жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Жансая Әділбек
Бөлісу: