Тексеру барысында министр басшылық құраммен де кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов оқу-әдістемелік жиындары шеңберінде әскер түрлерінің бас қолбасшыларымен, өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінің қолбасшыларымен, әскери бөлімдер мен құрамалардың командирлерімен кеңес өткізді.
Өрістетілген командалық пунктті тексеру барысында министр қолбасшылардың, құрамалар мен батальон командирлерінің басқару пункттерін ұйымдастыруда осындай тасадағы орындардың өзектілігін атап өтті.
Бекіндірілген басқару пункттері – қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың стандарты. Жоғары қауіпсіздік бөлімшелермен жұмыстың тиімділігін арттырады, – деді ол.
Командалық құраммен өткен кездесуде министр әскерлердің жауынгерлік әзірлігін, жауынгерлік қабілеттілігі мен ұтқырлығын арттыруға бағытталған Қарулы күштердің қызметін жетілдіру жолдарын талқылады.
Оқу-әдістемелік жиындар шеңберінде қатысушылар жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу барысында әскери құралымдар штабтарының қызмет алгоритмімен және жедел-тактикалық буынның басқару органдары арасындағы байланысты ұйымдастырумен танысты.
Жиынға қатысушылар әскери қызметшілерді БҰҰ бітімгершілік миссиясын орындауға дайындау мәселелерін талқылап, HATO стандарттарына сәйкес штаб жұмысының ұйымдастырылуымен танысты.
Өткізілген сабақтар командирлерге әскери бөлімдер мен құрамаларда жауынгерлік даярлықты ұйымдастыру, әр түрлі жауынгерлік іс-қимылдарда әскерлерді басқару дағдыларын алуға мүмкіндік береді. Олар командалық құрамның алдында тұрған мәселелер мен міндеттердің өзекті спектрі бойынша бірыңғай оқу-әдістемелік базаны әзірлеуге бағытталған.
Басшылық құрамның жиындары Қорғаныс министрінің қолбасшылығымен өтетін көшпелі әскери алқа жұмысымен аяқталмақ. Онда Қарулы күштердің қысқы оқу кезеңіндегі қызметінің қорытындылары шығарылып, келесі кезеңге міндеттер қойылады.