05.08.2025
07:37
729
Қорғаныс министрі күтпеген жерден әскери бөлімді тексеріп шықты

Қорғаныс министрі күтпеген жерден әскери бөлімді тексеріп шықты

Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов алдын ала ескертусіз «Астана» өңірлік қолбасшылығының  Қарағанды гарнизонындағы 31775 әскери бөліміне тексеру жүргізді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ведомство басшысы әскери бөлімдегі қызметтің ұйымдастырылуын, казармалар мен санитарлық аймақтардың жай-күйін, сондай-ақ тамақтану сапасын тексерді. Мерзімді қызмет сарбаздарын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. 

Әскери қызметшілермен әңгімелескен министр олардың тұрмыстық жағдайларына, туыстарымен байланысу мүмкіндігіне және бөлімшелердегі моральдық ахуалға қызығушылық танытқан. Жабдықтаудың тұрақтылығын атап өткен жеке құрам көрсеткен қамқорлығы үшін қолбасшылыққа алғысын білдірді.

Сарбаз асханасындағы түскі ас кезінде Дәурен Қосанов дайындалған тағамдардың әр алуандығы мен сапасын жеке бағалады. Сапар қорытындысы бойынша қолбасшылыққа күнделікті қызметті ұйымдастыруды жақсарту және тәртіпті нығайту туралы нақты нұсқаулар берді.

Мұндай сапарлар объективті көрініске көз жеткізуге,кемшіліктерді тез анықтап, туындаған мәселелерді оң шешуге мүмкіндік береді. Бұл ұжымдағы өзара түсіністік пен бірлікті және бөлімшелер жұмысының тиімділігін арттырады, – деп атап өтті ол.

Қорғаныс министрінің айтуынша, мұндай күтпеген тексерулер әскери қызмет стандарттарын арттыру және тұрақты мониторинг мақсатында жалғасатын болады.