Қорғаныс министрлігінде армия спортшысы, бокстан екі дүркін әлем чемпионы қатардағы жауынгер Алуа Балқыбековаға құрмет көрсетілді. Бұрымды боксшы Ливерпульде өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов спортшыны жеңісімен құттықтап, оның ерлігі мен табандылығын атап өтті. Министрдің айтуынша, Балқыбекованың жетістіктері жастарға үлгі болып, жеңіске деген сенім мен жігердің маңызын көрсетеді. Сонымен қатар ведомство басшысы Армия орталық спорт клубы бокс командасының басшысы, аға лейтенант Әлішер Омаркұловқа кәсіби еңбегі мен чемпионды дайындаудағы үлесі үшін алғыс айтты.
Елеулі жетістіктері үшін Алуа Балқыбекова «Ел қорғаны» ведомстволық медалімен марапатталды. Ал Әлішер Омаркұловқа мерзімінен бұрын «капитан» әскери атағы берілді.
Өз кезегінде Алуа Балқыбекова қолдау білдіргені үшін ризашылығын білдіріп, Қорғаныс министрлігіне әйелдер құрамасының әлем чемпиондары қол қойған бокс қолғаптарын сыйға тартты.
Мен армия спортының бір бөлігі болғаныма мақтанамын. Әріптестеріме, жаттықтырушыма және Қорғаныс министрлігіне қолдауы үшін алғыс айтамын. Жеңістерім жастарды спортқа баулиды деп сенемін, – деді чемпион.
Кездесу соңында спортшы мен жаттықтырушыға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.