Қытайлықтар соңғы жылдары экологиялық саясатқа айрықша мән беріп отыр. Қытай басшысы Си Цзиньпин жуырда Тяньцзиньде өткен «ШЫҰ+» кездесуінде алдағы бес жылда ШЫҰ елдерімен бірлесіп күн мен жел энергетикасын 10 миллион кВт-қа арттыруды, сондай-ақ энергетика, жасыл өнеркәсіп және цифрлық экономика бағытында жаңа платформалар құруды ұсынды. Бұл бастама Қытайдың экологияға қатысты көзқарасының ұлттық деңгейде басымдыққа айналғанын көрсетеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қытайдың қарқынды дамып келе жатқан Шэньчжэнь қаласында да экологияға деген көзқарас мүлде жаңа деңгейге көтерілген. Наньшань ауданындағы Nanshan Energy Ecological Park бүгінде тек қаланың емес, бүкіл елдің назарын аударған маңызды нысандардың бірі.
Теңіз бен таудың арасында, 88 мың шаршы метр аумақта орналасқан бұл парк сырттай қарағанда жай ғана өндірістік кешен секілді көрінуі мүмкін. Алайда ішіне енген сәттен бастап оның нағыз заманауи экологиялық жоба екенін аңғарасыз. Қаланың күнделікті тіршілігінен жиналатын тұрмыстық қалдық осында жеткізіліп, қайта өңделіп, энергия көзіне айналады.
Фото: Nanshan Energy Ecological Park макеті, El.kz
Кешен екі кезең бойынша жұмыс істейді: бірінші желі тәулігіне 800 тонна, екіншісі 1 500 тонна қалдықты өңдейді. Яғни, мұнда күніне 2 300 тоннаға дейінгі қоқыс толықтай өртеліп, залалсыздандырылады. Бұл - Наньшань ауданындағы қалдықты түгел қамтып қана қоймай, көршілес Лоху мен Футянь аудандарының бір бөлігін де жеңілдетіп отыр.
Орталықтың тағы бір артықшылығы - тағам қалдықтарын жеке өңдеу жүйесі. Күніне 200 тоннаға дейінгі асханалардан, мейрамханалардан және үйлерден шыққан тағам қалдығы осында әкелініп, қайта өңделеді. Бұл - ресурсты үнемдеу мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жолы.
Nanshan Energy Ecological Park - Қытайдағы ең жоғары AAA санатты қалдық өңдеу кәсіпорны. Оны басқарып отырған Shenzhen Energy and Environmental Protection Co., Ltd. компаниясы елде «ғылыми-техникалық реформаның үлгілі кәсіпорны» ретінде мойындалған. Компания қалдықтарды энергияға айналдыру технологиясын жергілікті деңгейде дамытып қана қоймай, оны өндірістік ауқымға жеткізді. Бүгінде олар 70-тен астам салалық стандарттың әзірленуіне тікелей қатысып отыр.
Фото: El.kz
Бұл модельді тәжірибе ел ауқымында да жоғары бағаланды. Қытайдың Ұлттық даму және реформалар жөніндегі комиссиясы аталған жобаны «Шэньчжэньнің алғашқы үлгілік тәжірибесі» ретінде бүкіл елге таратуды қолға алған.
Фото: El.kz
Кешеннің бірінші кезеңі 2003 жылдың желтоқсанында іске қосылса, екінші кезең 2019 жылдың тамызында пайдалануға берілді. Осы уақыт аралығында парк қаланың экологиялық саясатындағы ең маңызды жобалардың біріне айналды.
Түтін газын тазарту жүйесі
Кешенде түтін газын тазартуға арналған көпсатылы технология енгізілген. Мұнда SNCR әдісі арқылы азот қоспаларын жою, жартылай құрғақ және құрғақ қышқылсыздандыру, белсендірілген көмір бүрку, қап сүзгі арқылы шаңнан тазарту, екінші кезеңде ылғалды қышқылсыздандыру және SCR әдісімен толық денитрификация қолданылады. Осындай кешенді тәсілдің арқасында зауыттың экологиялық көрсеткіштері Шэньчжэньнің SZDB/Z233-2017 стандартына сәйкес келеді. Айта кету керек, бұл талаптар Еуропа одағының стандарттарынан да қатаң.
Фото: El.kz
Сүзілген суды қайта өңдеу
Қоқыс өңдеу кезінде пайда болатын ең қауіпті қосындылардың бірі – сүзінді су. Осыны шешу үшін парк аумағында тәулігіне 350 тоннадан қабылдайтын екі арнайы қондырғы орнатылған. Барлық сүзінді су толық тазартылып, зауыттың өндірістік су жүйесіне қайта пайдаланылады. Ал қалған концентрат әк қоспасын әзірлеуге жұмсалады. Нәтижесінде судың бір тамшысы да босқа кетпейді.
Тағам қалдықтарын өңдеу
Парк тағам қалдықтарын да тиімді жолмен кәдеге жаратады. Бұл үшін үш фазалы бөлу мен сұйық фазалы анаэробты өңдеу әдісі қолданылады. Жүйе бірнеше кезеңнен тұрады: қалдықты қабылдау, автоматты сұрыптау, қатты және сұйық бөліктерді ажырату, құм мен қожды бөлу, үш фазалы майды алу және соңында сұйық фазаны анаэробты жолмен өңдеу.
Мұндай әдіс тағам қалдықтарын жойып қана қоймай, олардан қосымша ресурс өндіруге мүмкіндік береді.
«Waste-Free City» тұжырымдамасы
SE Environment компаниясы Nanshan Energy Ecological Park негізінде қалдықсыз қала құру идеясын жүзеге асырып келеді. Бұл жерде «Waste-Free City» және «төрт құрамдас бөліктен тұратын тұрақты даму» тұжырымдамалары тәжірибе жүзінде іске асырылуда.
Компания әзірлеген тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен өңдеудің инновациялық үлгісі Қытайдың Ұлттық даму және реформалар жөніндегі комиссиясы тарапынан жоғары бағаланып, Шэньчжэньнің алғашқы үлгілік тәжірибесі ретінде ел көлемінде таратылатын жобалардың қатарына енді.
Фото: El.kz
Бұл бастама тек қалдықты басқару мәдениетін өзгертумен шектелмей, тұрақты әрі экологиялық таза қаланың жаңа моделін қалыптастыруға ықпал етіп отыр.
Мұнда жыл сайын 950 мың тоннаға жуық тұрмыстық қалдық өңделеді. Бұл тек үйінді қоқысты азайтып қана қоймайды, сонымен бірге атмосфераға тарайтын көмірқышқыл газын 223,9 мың тоннаға қысқартады екен. Кәдімгі біздің күнде тастайтын тұрмыстық қалдығымыз осы жерде энергияға айналады.
2025 жылдың шілдесіне дейін парк барлығы 10 миллион тоннадан астам қалдықты қабылдап үлгеріпті. Оның ішінде 148,9 мың тонна тағам қалдығы бар. Осы арқылы қала билігі 16,6 миллион текше метр полигон орнын үнемдеген. Бұл - экологияны қорғаудың нақты мысалы.
Кешенде қоқыс тек жойылып қана қоймайды, ол электр энергиясына айналады. Осы уақытқа дейін мұнда 4,289 миллиард киловатт-сағат электр өндірілген. Бұл - шамамен 1,37 миллион тонна көмірді алмастыратын көрсеткіш. Басқаша айтқанда, зауыт қоқысты энергия көзіне айналдырып, көмірге тәуелділікті азайтып отыр.
Фото: El.kz
Зауытта қоқыс өртенгеннен кейінгі қалдық босқа кетпейді. Одан экологиялық таза кірпіш жасалады. Сол кірпішті қолыма ұстап көргенде, бір сәтке сенер-сенбесімді білмедім: кеше ғана қоқыс жәшігіне тасталған зат бүгін құрылыс материалына айналып тұр. Ал металл бөлігі қайта балқытылып, өнеркәсіпке қайтарылады.
Фото: El.kz
Қоқыстан шыққан ең қауіпті қалдықтардың бірі – сүзінді су. Бұл жерде ол толық өңделіп, зауыттың өз өндірістік жүйесінде қайта пайдаланылады. Бір тамшы судың өзі ысырап болмайды.
Осылайша кәсіпорын бүгінде тек қоқыс өңдеу орталығы емес, жаңа ұрпаққа арналған «төрт бағытты біріктірген» экологиялық кешен ретінде танылып отыр. Мұнда тұрмыстық қалдықты заманауи әдіспен өңдеу, ғылыми-ағартушылық жұмыс, демалыс және өндірістік туризм тоғысып, мегаполистің тұрақты дамуының үлгісін көрсетеді.
Экологиялық өнер галереясы
Парктың ең ерекше бөлігі - көлемі шамамен 4 400 шаршы метрді қамтитын «Экологиялық өнер галереясы». Бұл - Қытайдағы қоқыс өртеу нысандары арасында алғаш рет жүзеге асқан тың бастама. Бұрын мұндай зауыттар тұрғындардың үрейін тудырып, олардан алшақ жүруге тырысса, бүгінде керісінше мәдениет пен білімнің орталығына айналып, адамдарды өзіне тартып отыр. Бұл - «көршіден қашудан» «көршіге пайдаға» көшу қағидатының нақты мысалы.
Галереяда қалдықтарды сұрыптау мен өңдеудің бүкіл кезеңі ашық көрсетілген. Келушілер қоқыстың энергияға қалай айналатынын жан-жақты бақылап, ғылыми тәжірибені өз көзімен көріп, қолымен ұстай алады. Мұндай формат тек ақпарат беріп қана қоймай, қоғамда жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Фото: El.kz
Өнер мен өнеркәсіптің үйлесімі
Nanshan Energy Ecological Park инженерлік жобаларымен ғана емес, эстетикалық шешімдерімен де ерекшеленеді. Өндіріс пен өнерді тоғыстырған кешенде экологиялық эстетика жаңа қырынан көрінеді. Бұл жерде қоқыс өңдеу үдерісі тек техникалық міндет емес, сонымен бірге мәдени тәжірибеге айналған.
Фото: El.kz
Зауыттың 72 метрлік мұржасының басындағы дөңгелек Sky Bar қонақтарға ерекше әсер сыйлайды. Мұнда отырып, Шэньчжэнь шығанағының көрінісін тамашалай жүріп бір кесе кофе ішу - қоқыс өңдеу орталығына барғаныңызды ұмыттырып, мәдени-саяхаттық тәжірибе қалдырады.
Бұл кешен Қытайдағы ерекше үлгілердің бірі - «қабырғасыз қоқыс өртеу станциясы». Мұнда «Зауыт салдық - парк қайтардық» қағидаты толық мәнінде жүзеге асқан: өндірістік нысан табиғатқа зиян келтірмей, қайта тұрғындар үшін ашық, жайлы әрі қолжетімді саябақтық кеңістікке айналған.
Nanshan Energy Ecological Park-те жүріп байқағаным - қоқыс өңдеу зауытының өзі қала өмірінің мәдени, әлеуметтік және білім беру орталығына айналып отыр. Шэньчжэнь осы жобасы арқылы экологияға деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп, қоқыс өңдеу ісін қоғам үшін құндылық тудыратын процеске айналдыра білген.