«Қоқыс ханшайымы» неге компанияларын үй қызметшілерінің атына тіркеген?

9 Тамыз 2023, 17:24 7506

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваға тиесілі делінген «ӨКМ операторы» сот шешімі шыққаны белгілі. Сот отырысы кезінде айыпталушылардың адвокаты Әлия Назарбаеваны сотқа шақыруды талап еткен. Бірақ бірде-бірі отырысқа Әлия Нұрсұлтанқызы келген емес. «ӨКМ операторының» бұрынғы қаржы директоры  Рустам Темірбектің мүддесін қорғаған адвокат Шолпан Сәрсенова судья қорғаушылардың барлық өтініштерін қанағаттандырудан бас тартқанын айтқан еді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Астананың Байқоңыр аудандық сотында екі айдан астам «ӨКМ Операторы» ісі бойынша талқылау өтті. Айыпталушылар орындығында төрт адам болды. Атап айтсақ бұрынғы экология вице-министрі және компания басшылығы.

Сот отырысына бірнеше рет «Қоқыс ханшайымы» саналған Әлия Назарбаева шақырылғанымен, бірде-бір рет келген емес. Бұл жағдай сотталушылардың наразылығын да тудырды. Қалай десек те, шешім шықты. Атап айтсақ, экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, «ӨКМ операторы» ЖШС басқармасының бұрынғы төрағасы Медет Құмарғалиев, компанияның бұрынғы бас директоры, Украина азаматы Светлана Коротенко 7 жылға сотталды. Ал бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбек 2 жыл түрме жазасын алды.

Осы ретте сот отырысында айтылған кейбір жайттарға назар аударсақ. Сәуір айында алдын ала тыңдау барысында Коротенконың адвокаты қылмыстық істі қосымша тергеуге қайтаруды сұрағаны бар.

Менің қорғауымдағы азаматқа 2016 жылдың 18 мамыры мен 2019 жылдың 18 қарашасы аралығында «ӨКМ операторының» бас директоры болған кезде қылмыстық жоспар ұйымдастырып, Экология министрлігі мен «ӨКМ операторының» қызметкерлерін қатыстырып, олардың арасында қылмыстық рөлдерді бөліп, келісімге келіп, қаражатты жымқырған деген айып тағылып отыр. «ӨКМ операторы» ЖШС 2015 жылғы 23 қарашада жалғыз қатысушы – құрылтайшысы болған Әлия Назарбаеваның шешімімен құрылды, - дейді адвокат.

Заңгер экс-президенттің қызынан жауап алынуы керек деген пікір айтқан. Бірақ оны тыңдаған ешкім болған жоқ.

Айтпақшы, Светлана Коротенко «ӨКМ операторы» ЖШСқұрамында іс жүзінде жұмыс істеген көптеген компаниялардың құрылтайшылары туралы да таңқаларлық ақпараттарды мәлім етті. Оның айтуынша, көптеген компаниялар бастапқыда Назарбаеваның өз атына немесе кейбір сенімді тұлғалардың атына тіркелген.

Мысалы, Әлия Нұрсұлтанқызы құрылтайшы ретінде таңдаған Шынар Мұхтарова – оның қызметшісі. Меруерт Махади – баласының күтушісі. Валентина Нечепуренко – аспазы. Сонымен қатар басқа компаниялардың құрылтайшылары – оның күзетшілері немесе туыстары. Яғни өзімен күнде бірге жүретін адамдар, – деді Светлана Коротенко.

Күтуші Меруерт Махади «RecyclingCompany» ЖШС, «СLEAN CITY NC» ЖШС, «KAZ AUTO RECYCLE» және «Kazrecycleservice» ЖШС құрылтайшысы болған. Бас аспаз Валентина Нечепуренконың атына «KAZ AUTO RECYCLE» ЖШС, «Kazrecycleservice» ЖШС және Waste Energy Kazakhstan ЖШС компаниялары тіркелген. Үй қызметкері Шынар Мұхтарова «ӨКМ операторы»  ЖШС және екінші «Eco Waste Solutions» компаниясының құрылтайшысы.

Айтпақшы,  Шынар Мұхтарова халықаралық іздеу жарияланып, ол Дубайда ұсталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, ол Біріккен Араб Әмірліктерінде қолға түскен.

Шынар Мұқтароваға да антикор утилизация алымынан түскен қаражатты жымқырды деген айып тағып отыр. Тергеу мәліметінше, Мұқтарова дивиденд ретінде 920 миллион теңгені қалтаға басқан.


Алмас Абылай
Бөлісу: