«Қонақжай отбасы». Қазақтың риясыз меймандостығын, кең қолтық бауырмалдығын көрсететін нағыз атына заты сай жоба бұл. Былтыр тұсауы кесілген кезде қанатқақты жобаның өміршеңдігіне сенген еді ұйымдастырушылар. Мүлт кетпепті, шынымен де қолға алған игі бастама қолдау тауып, көптің көңілен шықты. Бастысы оған қатысуға ниет білдірушілердің саны арта түскен. Қазақтың тілін ғана емес, мәдениетін, тарихы мен дәстүрін, өмір салтын білгісі келетін өзге ұлттың балалары өте көп екен.
Алдымен еліміздің өзге өңірлерінде баламасы жоқ, Шығыста ғана іске асырылып жатқан бірегей жоба туралы аз-кем айта кетсек, «Қонақжай отбасының» әу бастағы мақсаты Шығыс Қазақстан облысында тұрып жатқан өзге ұлттың балаларына қазақ тілін тілдік ортада жүріп үйрету болатын. Биылдан бастап жоба қазақ тілді оқушыларды да қамтыды. Енді қазақы аудандарда тұрып жатқан қандастардың балалары да өзге ұлт өкілдері мол шоғырланған қала-аудандардағы отбасылардың үйінде тұрып орысша үйренеді. Ол үшін облыстық білім басқармасы арнайы бағдарлама әзірлеген. Бағдарламада тіл үйренумен қатар туған өлкенің салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихын, ұлттық құндылықтарын зерделеп, жақынырақ танысу көзделген. Балаларға арнайы экскурсиялар ұйымдастырылып, киелі орындарды аралауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар жоба қатысушылары кітап оқып, түрлі фильмдер көреді, сананы сергітетін, таным көкжиегін кеңейтетін ойындар ойнайды. Осының бәріне 15 күн уақыт берілген. Былтыр бұл 20 күн болған. Бағдарламаға сәйкес әр күн қызықты, әр күн мазмұнға бай. «Қонақжай отбасына» 12-14 жас аралығындағы қазақ және орыс тілдерінде оқитын оқушылар қатысады.
Былтыр тұңғыш рет жүзеге асырылған жобаға Өскемен, Риддер қалалары мен Шемонаиха, Глубокое Алтай аудандарынан алпыстан астам бала қатысқан. Оларды Катонқарағай ауданының үш ауылында тұрып жатқан педагогтар отбасы қабылдады. Биыл «Қонақжай отбасының» географиясы кеңейіп, қатысушылар саны да еселеп өсті. Мәселен, жоғарыда аталған аудан-қалалардан орыс тілді 100 бала Катонқарағайдың төрт ауылы – Берел, Өрел, Жамбыл, Белқарағайдағы отбасыларға барса, Тарбағатай мен Зайсанның қазақ тілді 20 баласы Риддер қаласына және Глубокое ауданына аттанды, – деп хабарлады облыстық білім басқармасынан.
Қонақ балаларды қабылдауда неге педагогтар отбасына басымдық берілді? Өйткені олар баланың жанын түсінеді, олармен қалай сөйлесу керегін біледі және тіл үйретуде де ешқандай қиындық туындамайды. Сонымен қоса қонақ балалар түскен үйдің де мектеп жасындағы баласы болуы шарт.
Қонақ балалар ашық екен, тез тіл табысып кеттік. Ауылдың аты ауыл ғой, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ортаға келіп тіл үйрену қалай десек те жемісін береді. Өлкенің тарихымен, жергілікті жұрттың тұрмыс-тіршілігімен жақын танысып, табиғатты тамашалап, ауылдың дәмін татып көрген балаға айналасы, ортасы бәрібір әсер етеді деп ойлаймын. Оның үстіне ауыл балаларымен бірге ойнап, араласып-құраласып жүр. Тіл үйренуге бұл өте ыңғайлы, – дейді берелдік Эрнест Тельманұлы.
Биылғы 15 маусым күні Өскеменнен жолға шыққан 100 бала Катонқарағай ауданының төрт ауылына бөлінген. Оның ішінде Берел ауылында 11 отбасы 32 баланы қабылдады. Солардың бірі – Эрнест Тельманұлының шаңырағы. Оның үйіне шемонаихалық балғындар қоныстанды.
Одан бөлек Өрел ауылындағы 13 отбасы 35 баланы, Белқарағайда екі отбасы бес баланы қабылдаса, қалғандары Жамбыл ауылындағы үйлерге тұрақтады. Мәдени, туристік, білім беру бағытындағы жоба аясында бағдарламаны іске асыруға жоғары оқу орындары мен колледждердің педагогикалық мамандықта оқитын студенттері көмекке келген.
Катонқарағай аудандық білім бөлімінің хабарлауынша, оқушыларға қазақ тілін оқыту 17 модульден тұрады.
Бағдарламаға сәйкес оқушылар тілді меңгерумен қатар түрлі шараларға, ұлттық ойындарға қатысады, музей аралап, ұлттық паркке саяхат жасайды, музыкалық аспаптарда ойнайды. Осында келген бір-екі күнде балалар жиырмадан астам сөз жаттап үлгерді, домбырада ойнап, қабілеттерін көрсетіп жатыр. Жобаның арқасында олар қазақ тілінің базалық курсын меңгеріп, еркін сөйлей алады деп ойлаймын, – дейді Катонқарағай аудандық білім бөлімінің маманы Жанат Қошпанова.
Маманның айтуынша, сонымен қатар оқушылар жергілікті жердегі демалыс орындарына, ара және бұғы шаруашылықтарына экскурсия жасайды. Берел қорымына барып, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген орындарды көреді, тарихымен танысады.
Иә, қолмен ұстап, көзбен көргеннің әсері де бөлек қой шіркін. «Асфальтта өскен» балаларды ауылдың шаңына аунатып, суына шомылдырып, бал-қаймақ пен құрт-ірімшікке тойдырса, қара қазанға піскен ыстық бауырсақтан дәм татырса, атқа мінгізіп серуендетсе қазақша сөйлемегенде қайда барады олар?! Сөйлейді әрине. Өздері де ниеттеніп келіп отырған жоқ па! Туған елімнің тілін біліп, жерімнің тарихын танысам, мәдениетін бойға сіңірсем, дәстүрін дәріптесем деген ұстанымға берік бекіген балдырғандарға бек риза болдық шынымен.
Арнайы әзірленген бағдарламадан бөлек қонақ балалар ауылдың күнделікті тұрмыс-тіршілігімен жақын танысып, құрт, талқан, ірімшік жасауды, бауырсақ пісіруді, май шайқауды, бие сауып, қымыз ашытуды көріп, үйренуде. Осының бәрінде олар тек қазақ тілінде сөйлеп, қазақша атауларды жаттауға тырысады. Нәтижесі жаман емес. Бір апта уақытта талай сөз үйреніп алды. Ең бастысы балалардың бойында ынтта бар, қазақша сөйлесем деген ниет бар, – дейді балаларды қонақ еткен Берел ауылының тұрғыны Қанағат Чакиртов.
Бір ескерте кететін жайт, балалар мал қайыру, бұзау іздеу, су әкелу, отын тасу сынды ауылдың күнделікті тірлігіне араласып жатқан жоқ, араласпайды да. Жобаның талабы солай өйткені. Оқушылар психологтың қадағалауында болады. Бұрын ата-анасының қасынан ұзап шығып көрмеген жеткіншектерге бөтен отбасында тұрып, бөтен жерде жүру алғашқыда оңайға соқпасы анық. Сол үшін психологтың қадағалауы маңызды. Дегенмен бала деген тез бауыр басып кетеді ғой, оның үстіне бала жаны ақ парақ сияқты. Көрген, білгенін, ойға түйгенін бірден сіңіріп, дереу қабылдайды. Санасына құйып алады. Ендеше ауылдағы 15 күнде көрген-білгенін, үйренгенін зердесіне тоқып, қалаға алып кетеді.
Осы жобаға қатысқаныма өте қуаныштымын. Келгенімен аз уақыт өтсе де қазақша біраз сөз жаттап алдым. Біз күн сайын қазақша сөйлесеміз. Әр кеште күні бойы үйренгенімізді қорытындылап, көрген-білгенімізді түйіндейміз. Маған Катонқарағайдың табиғаты, адамдары өте ұнайды. Осындай мүмкіндік туғызған адамдардың бәріне алғыс айтамын, – дейді Глубокое ауданынан келген 8-сынып оқушысы Анна Блинова.
Шекараның шебінде жатқан Берелге қонақ болып барған Татьяна Ермолаева мен Согдина Карабаева ауылда жаңа достар тапқандарын айтып, қуаныштарымен бөлісті.
Біз Катонға бірінші рет келіп тұрмыз. Бұл жақтың табиғаты көркем, адамдары ақжарқын екен. Қошемет көрсетіп, құшақ жайып қарсы алып жатыр. Ауылға келгелі көп бола қоймаса да қазақша сөздер үйреніп, жаңа достар тауып, жазғы демалысты қызықты да пайдалы өткізудеміз. Осы өлкенің мәдениетімен, тарихымен жақын танысқымыз келеді. «Берел» музейіне саясат жасаймыз, - дейді жобаға қатысушы қос қыз.
Ал тағы бір қонақ Радмила болса «Қонақжай отбасы» жобасы туралы мектептегі ұстазынан естіп, білгенін айтты.
Біздің мектептегі ұстаздар қазақ тілін үйрену қажеттілігін үнемі айтады. Ұстаздарымнан «Қонақжай отбасы» туралы біліп, биыл соған қатысуға ықылас таныттым. Бұл таңдауыма еш өкінбеймін, керісінше қуаныштымын. Катонқарағай өлкесі, ауыл тірлігі маған өте ұнады. Осындағы демалыс күндеріміз аяқталғанша әр күнді, әр сағатты тиімді өткізуге тырысып жатырмыз. Үйге барғанда қазақша сайрап кетпесем де ойымды жеткізе алатындай деңгейде болуым керек деген талап қойдым өзіме, – дейді Радмила Касенова.
«Талабыңа нұр жаусын!» дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Расымен біздің елде өзге ұлт өкілдеріне қазақша үйретудің сан алуан тәсілі мен әдістемесі қолданылып келеді. Олардың нәтиже еріп жатқандары да жоқ емес. Дегенмен «Қонақжай отбасының» орны бөлек. Бұл жобаға жұмсалған қазына қаржысы текке кетіп жатпағынына куәміз. Мектеп қабырғасында 11 жыл оқытып, сіңіре алмаған қазақ тілін өзге ұлттың балаларына жарты айда үйреткен «Қонақжай отбасына» қалай қайран қалмайсың?! Он бес күнде бұл балалар Абайдың тілінде сайрап кетпесе де айтар ойын еркін жеткізіп, қажетін сұрап ала алатындай дәрежеде болады. Оған күмән жоқ. Былтырғы алғашқы маусымның нәтижесі осылай деуімізге негіз болады.
«Қонақжай отбасы» туралы осы жоба жүзеге асырылып жатқан Катонқарағай өңірінің тумасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Тоқтарбек Мағзұмовтан сұраған едік.
Қолға алған бастама дұрыс. Бірақ таяқтың екі ұшы бар дегендей бұл жобаның да тигізер пайдасымен қоса көлеңкелі жақтары да болуы мүмкін. Тілді меңгерген, дәстүр-салтты, мәдениетті, тарихты білген жақсы әрине, дегенмен біз оны кімдерге үйретеміз? Мысал ретінде айтайын, ол бала ертең ауылда бірдеңеге ұрынып қалса немесе мінезі шатақтау болып өзгелермен төбелесіп қалса, қолының сумақылығы болып барған үйінен бір затты қалтасына салып алса кім жауап береді? Абай атамыз айтпақшы: «Күшік асырап, ит еттім,
Ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, Ол мерген болды, мені атты» деп жүрмесек болғаны. Мәселе сонда. Балаларды ауылға жібермес бұрын олардың тегін, ата-анасын зерделеп, жағымды қорытынды алғаннан кейін ғана рұқсат етілсе. Бұл ретте медицина мамандарының, оның ішінде генетиктердің қызметіне жүгінген артық болмайды.Сондай-ақ ол балалармен кәсіби психолог, мұғалім, саясаттан хабары бар, тарихты, мәдениетті, тілді жетік білетін мамандар жұмыс істеуі керек. Сонда ғана жоба толыққанды жүзеге асып, өзінің нәтижесін береді деп айта аламыз, – деп түйді жазушы Тоқтарбек Мағзұмов.
Бұл сөздің де жаны бар. Бала тәрбиесі деген өте нәзік, өте жауапты міндет. Сондықтан шалыс басуға жол жоқ. Өзгенің баласына өзінікіндей қамқорлық көрсетіп, жарты ай болса да тәлім-тәрбие беретін ауылдағы отбасыларға да артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр. Қалай десек те қанатқақты жобаның алғашқы маусымы сәтті аяқталып, биыл жалғасын тапты. Жоба биылғы 15-30 маусым аралығында жүзеге асырылады. Нәтижесінде, оқушылардың демалыс уақытын ұтымды ұйымдастыруға, тіл үйреніп, сөздік қорды байытуға, әлеуметтік-мәдени коммуникацияны қалыптастыруға, жергілікті жердегі отбасылардың мәдениеті, дәстүрі, тарихымен танысуға мүмкіндік туды.