Қонаевтағы 18 жасар қыздың өлімі бойынша полиция пікір білдірді

25 Наурыз, 20:34 1368

Алматы облысында 18 жасар бойжеткен өлтірілді. Оқиға Қонаев қаласының оңтүстік – батыс бөлігінде болған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жас қыздың өлімі бойынша дерек Алматы қаласының полицейлеріне келіп түскен. Ақпарат дереу тексеріліп, 2006 жылы туылған қызды өлтіру фактісі расталған. Қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүргізу Қонаев қалалық полиция басқармасының қызметкерлеріне тапсырылған.

Алматы облыстық Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленовтің айтуынша, күдіктілер ұсталды.

Сол күні жедел-тергеу іс-шараларының қажетті кешені өткізілді және кезекші тәулікте 2001 және 2003 жылы дүниеге келген Алматы қаласы мен Алматы облысының тумалары болып табылатын екі азамат ұсталды. Тергеу барысында күдіктілер 14-15 наурызға қараған түні Қонаев қаласының оңтүстік – батыс бөлігінде орналасқан жерде физикалық зорлық-зомбылық көрсетіп, жас қызды өлтіргені анықталды,- деп жазды желі парақшасында облыстың бас полицейі.

21 наурызда екі күдікті тергеу сотына бұлтартпау шарасына санкция беру үшін ұсынылды және сот шешімімен олар қамауға алынды.

Бұған дейін бойжеткеннің өлімі туралы ақпаратты «Не молчи» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі желі парақшасында жазған болатын. Қордан марқұм болған қыздың әпкесі көмек сұраған. Оның мәліметіне сүйенсек, Жаннұр есімді 18 жастағы бойжеткен күдіктілердің бірімен шамамен 7 наурыз күні танысқан. Олар наурыздың 14-інен 15-іне қараған түні бойжеткенді аяусыз ұрып-соғып, қала сыртында қалдырып кеткен. Күдіктілер бойжеткеннің телефонын алып кетіп, атынан ресми рәсімдеген екен. 

Дина Таңсәрінің жазуынша, қыздың өлімі бойынша күдіктілер саны - төртеу. Қазіргі таңда олардың тек екеуі қамауға алынған. 

Перизат Саденова
Бөлісу: