Қонаев қаласының бас жоспары жасалып жатыр

10 Қараша 2022, 09:46 1923

Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі мәлім етті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жасаған сапары аясында Қонаев қаласын экологиялық таза, өмір сүруге қолайлы «ақылды» шаһар ретінде қарастыратын жаңа бас жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Жаңа жоспарда облыс орталығы мен G-4 City аумағында арнайы экономикалық аймақтар құру да қарастырылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сондай-ақ Президент өңірге педагогикалық кадрлар мен дәрігерлерді тарту үшін, атап айтқанда мамандарды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты ынталандыру шараларын қабылдау қажеттігін алға тартты.

Қазіргі күнде Қонаев қаласының бас жоспарын «Урбостиль» компаниясы әзірлеуде. Бұл тараптағы жұмыстар биылғы жылдың 20 желтоқсанына дейін аяқталмақ. Содан кейін заңнамаға сәйкес облыс әкімдігі жобалық шешімдерді қала тұрғындарымен ашық талқылауды ұйымдастырады.

Сонымен қатар бүгінде арнайы экономикалық аймақтардың тұжырымдамасын даярлау жұмыстары да жүргізілуде. Бұл орайдағы жұмыстар аяқталған соң ҚР ИИДМ бекітілген заңнамалық талаптарға сәйкес АЭА құру туралы жұмыстарға кіріседі (эксперттік кеңес, ҚРҮҚ жобаны мақұлдау).

Айта кетерлігі, бүгінде Алматы облысында тұрғын үй мәселесін оңтайлы шешудің тетіктері іске қосылуда. Атап айтқанда, жас мамандар «Алатау жастары» өңірлік бағдарламасы арқылы баспанаға қол жеткізе алады.

EL.KZ
Бөлісу: