Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Алматы облысы Қонаев қаласында "Туымыз төрімізде" атты патриоттық сезімге толы мерекелік шара жоғары деңгейде өтті.
Салтанатты шара облыс әкімінің қатысуымен ту шығару рәсімімен басталды.
Сурет: Алматы облысы әкімдігінің бапасөз қызметі
Көк туды желбіреткен автошеру орталық алаңға келді. Орталық алаңда қала тұрғындарының, жастардың қатысуымен әнұран шырқалып, өнер жұлдыздарының патриоттық әндері әуеледі. Әскерлер ұстаған 40 метрлік алып ту шараның ажарына ажар қосты.
Сонымен қатар, парашютшілер аспаннан ту ұстап секіріп, көк туымыз зәулім биікте желбіреді.
Мәдени шара барысында Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Ерғалиұлы бірқатар үздік қызметкерлерді алғыс хатпен марапаттады.