Қонаев қаласы мен Алматы облысының дамуы туралы кеңес өтті

3 Наурыз 2023, 17:36 2157

Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Алматы облысына жұмыс сапары аясында берген тапсырмаларының орындалу мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

.

Орталық мемлекеттік органдар мен әкімдік басшылары Алматы агломерациясы, Қонаев қаласы, G4 City интеграцияланған қаласын және жалпы өңірді дамыту жөніндегі шаралар туралы баяндады. Тұрғын үй, әкімшілік және әлеуметтік мақсаттағы объектілерді салу, автокөлік, теміржол, инженерлік және аграрлық инфрақұрылымды жаңғырту, жерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту, индустриялық аймақтар мен өнеркәсіп объектілерінің тиімділігін арттыру, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру туралы әңгіме қозғалды.

Атап айтқанда, Қонаев қаласындағы кәріз-тазарту құрылыстарын реконструкциялау МЖӘ тетігі арқылы жүргізілетіні атап өтілді. Мәселен, жеке әріптес анықталғаннан кейін КТҚ құрылысына жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу басталады.

Сонымен қатар кеңесте республикалық және халықаралық деңгейде де көптеген көрермен тартатын ірі мәдени-спорттық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу мәселелері талқыланды. Солардың бірі – MotoGP мотоцикл жарысы бойынша әлем чемпионаты.

Талқылауды қорытындылай келе, Әлихан Смайылов барлық қатысушы мемлекеттік органдар жаңа облыс орталығы – Қонаев қаласын, G4 City қаласын және бүкіл өңірді дамыту жөніндегі тапсырмаларды орындауға жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті.

«Біз барлық сұрақтарды талқыладық. Мемлекеттік органдар қойылған міндеттерді тиісінше пысықтауы қажет. Облыс тұрғындары Қонаев пен өңірдің қарқынды дамуын күтіп отыр, сондықтан қазір әкімшілік рәсімдерді кешіктірмей, қажетті шешімдер қабылдау маңызды», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының айтуынша, қабылданып жатқан шаралар облыстың дамуына елеулі серпін беруі тиіс, бұл өз кезегінде өңір тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

 
EL.KZ
Бөлісу: