Қолдары байлаулы. Асхат Аймағамбетов Мәжілісте маңызды мәселені көтерді

21 Маусым 2023, 11:49 1338

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов энергия сататын делдалдарды жою мен тарифтерден түскен ақшаның қайда жұмсалып жатқаны туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Осы айтылып отырған проблемалардың басты себептерінің бірі - мемлекеттік бақылаудың тиімсіздігі мен әлсіздігі. Қоғамдық бақылау шектеулі. Бізде мемлекеттік энергонадзор бар, ол жақсы ма, жаман ба, бірақ оларда бүгін ешқандай тексеру бойынша, алдын-алу бойынша ешқандай құзыреттілік жоқ. Неге? Өйткені, бізде кәсіпкерлік кодекстегі нормалар монополистерді де тексерістен қорғайды. Энергонадзор оларға барып, тексеріс жүргізе алмайды. Қолдары байлаулы. Тексеру үшін алдын ала айтып, рұқсат алады. Сондықтан осы мәселені қарау керек, - деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ депутат тарифтердің қалай жұмсалып жатқанына да бақылау жоқ екенін айтты. 

Халық ақша төлейді, ал ол инвестиция ретінде жұмсалып жатыр ма, оған да қоғамдық бақылау жоқ. Осыған орай заң жобасына 3 түзету енгіздім, - деді мәжілісмен.

Асхат Аймағамбетов заңға мына өзгерістерді енгізу керек дейді: Біріншісі, “Энергобақылауды” кәсіпкерлік кодекстен шығару. Оларға тексеру үшін жеткілікті мүмкіндіктер беру керек деп санаймын. Екіншісі, тарифтердің, яғни біздің төлемдердің жұмсалуы бойынша бақылау үшін арнайы цифрлық платформа енгізу туралы норма. Үшіншіден, энергияны сататын делдалдарды жою немесе шектеу енгізу. 

Асхат Аймағамбетов екі министрден айтылған нормаларға қатысты ұстанымын сұрады.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұл ұсынысты қолдайтынын айтып, бақылау нормаларын күшейту керек екенін атап өтті.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: