26.08.2025
17:12
705
Қолданыстағы көлікті сатып аларда нені ескеру қажет?

Қолданыстағы көлікті сатып аларда нені ескеру қажет?

Көлік сатып аларда көпшілік салоннан жаңасын алған жөн бе, әлде екінші нарықтан қолайлы нұсқа іздеу дұрыс па деген сұрақпен басы қатады. Статистикаға сүйенсек, елімізде тіркелген көліктердің жартысынан көбінің қолданылу мерзімі 10 жылдан асқан. Демек, Қазақстанда қолданыста болған автокөлікті сату және сатып алу – ең кең таралған тәжірибе.

Әрине, бұл процестің өзіндік ерекшеліктері бар. El.kz интернет порталы сәтті мәміле жасап, артық шығынға батпау үшін көлік аларда нені ескерген дұрыс деген сауалға жауап іздеп көрді.

Хабарландыруды талдау

Жауапкершілігі бар сатушы, мейлі ол жеке иесі болсын, мейлі кәсіби трейдер болсын, көлік жайлы хабарландыру бергенде мүмкіндігінше толық мәлімет ұсынуға тырысады. Әдетте, онда көліктің басты артықшылықтары ерекше атап көрсетіледі: сәнді дизайны, ыңғайлы орындықтары, былғары салоны, аз жүрісі және т.б.

Бұл ақпарат, бір қарағанда, жарнамалық сипатта көрінгенімен, сатып алушы үшін маңызды деректерді табуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қолданылған көліктер туралы хабарландырудың тағы бір артықшылығы – нақты суреттердің болуы. Олар көлікті алғашқы көзбен бағалауға жағдай жасайды. Дегенмен тәжірибелі сатушылар көлікті ең қолайлы қырынан көрсететінін ұмытпаған жөн.

Хабарландыруды қарағанда мына жайттарға назар аударыңыз:

Шыққан жылы мен жүрісі. Ескі көлікте одометрдегі аз көрсеткіш күмән тудыруы мүмкін. Әрине, ол ұзақ жылдар бойы гаражда тұрған шығар, бірақ бұл сирек жағдай. Көбіне аз жүріс – жасанды «кері айналдырудың» нәтижесі.

Жөндеу және техникалық қызмет көрсету тарихы. Жауапты иесі көлігін уақытылы жөндеп, күтім жасаған болса, бұл оның қазіргі жағдайына оң әсер етеді.

Жабдықталуы мен қосымша опциялары. Мұндай толықтырулар көлікті пайдалануда айтарлықтай жайлылық береді.

Маңызды кеңес

Көлік туралы ең толық мәліметті оның VIN-коды арқылы арнайы сайттардан білуге болады. Бұл код техникалық паспортта және көліктің өзінде көрсетіледі.

Көлікті сатып алардағы басты тексерістер

Автокөлікті қарау

Көлік сатып алу – үлкен жауапкершілікті қажет ететін іс. Мұнда көптеген факторды ескеру керек. Сондықтан тәжірибесі бар маманға немесе ТҚС-ға жүгінген дұрыс. Себебі үнемдеп, толық диагностика жасамау болашақта қымбат жөндеуге әкелуі мүмкін.

Кузовтың жағдайы

Кузов – бірінші кезекте назар аударылатын бөлік. Оның жөндеуі өте қымбатқа түседі.

Лак-бояу қабатын мұқият тексеріңіз, тот баспағанына көз жеткізіңіз.

Жоғары қабат элементтерінің дұрыс орнатылғанына мән беріңіз.

Ерекше назарды көліктің астыңғы бөлігіне аударыңыз.

Ұзақ жыл пайдаланылған көлік мінсіз көрінуі мүмкін емес. Ұсақ сызаттар мен тозулар қалыпты құбылыс. Бірақ егер бояуы тым «мінсіз» болса, онда қалыңдық өлшегішпен тексеріп, апат іздері жасырылмағанына көз жеткізіңіз.

Салон

Салон да көп нәрсені «айтып береді».

Руль мен беріліс қорабының тозу деңгейі – көліктің қаншалықты пайдаланылғанын көрсетеді.

Педаль мен орындықтардың тозуы да нақты белгі. Айтарлықтай тозу көбіне 200 мың шақырымнан асқан жүріске сай келеді.

Егер орындықтардың түсі әртүрлі болса, онда олар ауыстырылған болуы мүмкін. Бұл сұрақтарға сатушыдан нақты жауап талап етіңіз. Егер жауап бұлыңғыр болса – мәміледен бас тартқан жөн.

Жүріс (пробег)

Бұл көрсеткіш қай кезде де күрделі мәселе.

Кейде 200 мың шақырым жүрген, бірақ уақтылы қызмет көрсетілген темір тұлпар аз жүрген, бірақ қараусыз қалған көліктен әлдеқайда сенімді болады.

«Жүрісті азайтып көрсету» де кең таралған үрдіс. Бұл жағдайда компьютерлік диагностика нақты көрсеткішті анықтауға көмектеседі.

Қозғалтқыш бөлімі

Көлік сатып аларда ең басты ережелердің бірі – капот астын тексеру.

Сатушының «жақында техникалық қызметтен өтті» деген сөзіне сеніп қалмаңыз, өз көзіңізбен көріңіз.

Толықтай жуылған қозғалтқыш бөлігі күдік тудыруы мүмкін, себебі ол ақауларды жасыру үшін жасалады.

Мамандар қозғалтқыштың жұмысын, май ағуларын және басқа тораптардың жағдайын анықтай алады.

Көлікті астынан қарау да артық болмайды. Бұл кезде түтін шығару жүйесін, аспаны, басқару элементтерін тексеруге ыңғайлы.

Электроника

Қазіргі көліктерде түрлі «ақылды» жүйелер көп. Бірақ олардың жөндеуі қымбатқа түседі.

Электрониканың барлық жүйесін тексеріп шығыңыз.

Әсіресе, ауа баптағышқа назар аударыңыз. Себебі мәселе тек фреонның болмауынан ғана емес, күрделі ақаулардан да туындауы мүмкін.

Тест-драйв

Қысқа сынақ жүрісі көлік жайлы көп ақпарат береді.

Әр түрлі жағдайда – жоғары және төмен жылдамдықта, тегіс әрі бұралаң жолда, кедір-бұдырда сынап көріңіз.

Көлік бірқалыпты, артық дыбыссыз жүруі тиіс.

Шулы дыбыстар, діріл немесе тартылыс проблемалары – қозғалтқыш немесе жүріс бөлігі ақауларының белгісі.

Құжаттарды рәсімдеу

ТЕБ-ке тіркеу

Көлікті сатып алған соң оны міндетті түрде ТЕБ-те (тіркеу-емтихан бөлімінде) рәсімдеу қажет.

Қажетті құжаттар тізімі:

  • жеке куәлік;
  • паспорт;
  • көлікті тіркеу актісі;
  • техникалық паспорт  және тіркеу куәлігі;
  • тұрғылықты жер бойынша тіркеу анықтамасы;
  • барлық төлемдердің жасалғанын растайтын құжаттар.

Егер көлікке өзгерістер енгізілсе (мысалы, газ орнату), онда сәйкестік сертификаты керек. Сондай-ақ инспектор көліктің қауіпсіздігін, VIN-кодын, агрегат нөмірлерін тексереді. Процедура шамамен 6 сағатқа созылады.

Құжаттарды тексеру

Көлік сырттай мінсіз көрінгенімен, құжаттарды мұқият зерттеу қажет:

  • көлік тарихы (ЖКО, айыппұлдар, т.б.) – eGov немесе құқықтық статистика порталынан қарауға болады;
  • меншік құқығын растайтын құжаттар;
  • иесінің жеке куәлігі;
  • техпаспорт;
  • зауыттық құжаттар;

VIN-нөмір – көлік туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік беретін 17 таңбалы код. Ол капот астында, салонда немесе жүксалғышта көрсетіледі.

Өздеріңіз байқағандай, көлік сатып алу тек сатушымен қол алыса салу емес. Сондықтан темір тұлпарыңыз сенімді серігіңізге айналсын десеңіз, әрбір қадамды мұқият бақылап, техникалық және құқықтық тексерістерден өткен соң ғана мәміле жасаған дұрыс.