Қоғамдық штаб тарапынан су басқан аймақтарға жан-жақты қолдау көрсетілуде

26 Сәуір, 18:00 1010

Апат айтып келмейді. Осыдан тура бір ай бұрын елімізді тасқын су басып, төтенше жағдай режимі енгізілген аймақтарда эвакопунктер ашылған болатын. Өңірлердегі эвакуациялық пунктердің қызметі туралы El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі зерттеп көрді.

Бүгінде қоғамдық штаб мүшелері күн сайын эвакуациялау орындарында кездесулер өткізуде. Ондағы мақсат – қызыл су жалмаған аумақтарды қалпына келтіру үшін атқарылып жатқан жұмыстар жайлы халыққа кең көлемде ақпарат беру.

Алапат апаттан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысында 10 қоғамдық штаб жұмыс істеуде. Олар халыққа өтемақыларын алу бойынша түсіндіру шараларын жүргізіп жатыр. 4-еуі Орал қаласында, қалғаны Теректі, Бәйтерек, Сырым, Бөрілі аудандарында орналасқан. Әрқайсысында тұрғындарды қабылдау басталып кетті. Штаб құрамында әр саладан 11 маман бар. Ал көмекке мұқтаждардың басым көпшілігі – үйлері суда қалғандар.

Солтүстік Қазақстан облысында 159 қоғамдық штаб жұмыс істеп тұр. Штаб құрамы қоғам белсенділері, еріктілер мен кәсіпкерлерден құралған. Олар күн сайын тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, өз құзырлығына байланысты  кеңес беріп, мүмкіндігінше көмек қолын созуда. Мәселен, қарт кісілерге құжат жинау, өтініштерді қалай, қайда жазу керек, бір реттік әлеуметтік көмекті алу жолдары сияқты мәселелерді түсіндіріп беруде. 

Айта кету керек, СҚО-да шамамен 3,5 мыңға жуық үй-жайды су басты. 14  мыңнан астам тұрғын қауіпсіз аймаққа көшіріліп, мыңға жуық эвакопункт пен уақытша баспаналарды мекендеп жатыр. Штаб өз қызметін бастағалы облыс орталығында 120-дан астам кездесу өтіп, 6 мыңға жуық тұрғын өз сұрақтарына жауап алды.

Қызыл су құрсауында қалған Құлсарыда су басқан үй-жайлар мен әлеуметтік нысандар бағалау комиссиясының тексерісінен өтуде. Штаб өкілдері халықпен қоян-қолтық байланыста болып, олардың шағымдарын ерекше назарға алып отыр. Кеңес сұрап келгендерді несие, ипотека төлемдері, өтемақы төлеу, бір реттік материалдық көмек алу, үйлерді қалпына келтіру секілді мәселелер толғандыруда. Эвакопунктерде 16 маман жұмыс істейді. Соңғы мәліметтерге сенсек, 3461 отбасыға 100 АЕК мөлшерінде материалдық көмек көрсетілді. Бұл - 1 млрд 277 млн теңге.

Эвакуацияланған тұрғындардың жайлылығы қашанда бірінші орында деген ақтөбеліктер де әр тұрғынның мәселесіне бей-жай қарамай, ерекше бақылауға алды. Мәселен, Ақтөбеде тұрғындар уақытша мекендеп жатқан 7 жатақханаға бір-бір адамнан бекітілді. Студенттер үйі де баспанасыз қалғандарға пана болды.  Жатақханаларда жағдай толығымен жасалған. Төсек орындары түгел, бөлмелері өзге де керек-жарақтармен жабдықталған. Тұрғындар кір киімдерін уақытылы жуып, үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отыр. Қаладағы қоғамдық штабтың 20-ға жуық белсенді мүшесі бар. Қаладан бөлек, аудан-аймақтарда да білікті мамандар қызмет етуде.

Тасқын келтірген шығын көлеміне сәйкес, өтемақының төленуі жіті бақылауға алынды. Штаб өз жұмысын басталғалы эвакуациялық пункттер мен саяжайларда 155 кездесу өтіп, 5 мыңнан астам адам қабылдауда болған. Облыста материалдық залалды қалпына келтіру бойынша 4184 азаматтан өтініш қабылданды.

Аманкелді ауданының қоғамдық штабы да тасқын судан зардап шеккен ауылдарға барып, төлемақы жайын түсіндіріп берді. Нақты айтқанда, Үрпек ауылына қарасты Қарашатөбе елді мекенінде қоғамдық штаб мүшелері тұрғындармен бас қосып, өтініштеріне құлақ түрген болатын. Ауылдағы үйлердің сау-тамтығы қалмаған екен. Үйлердің қабырғалары үгітіліп, төбелері как ортасынан түскен. Абырой болғанда су мәселесі уақытылы шешіліп, тұрғындардың өтініштері еленбей қалмады.

Сондай-ақ, зардап шеккен ауыл тұрғындарын уақытша орналастыру үшін Мақтаарал және Жетісай аудандарында 10 эвакуациялық бекет жұмысын бастады. Мұнда 3700-ден астам адам орналасқан. Қоймаға жиналған тауарлар сұранысқа байланысты сол пункттердегі және туыстарының үйін паналап жатқан азаматтарға жүйеленген тәртіпте таратылуда.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: