Қоғамдық көліктерде SOS батырмасы орнатылады

18 Қаңтар, 13:31 788

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Алматыдағы автобус жүргізушісімен болған қайғылы жағдайдан кейін қандай шара қабылданып жатқанын айтты, деп хабарлайды  El.kz  ақпарат агенттігі.

Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, қоғамдық бақылау күзетінің қоғамдық транспорттарды бақылау жұмысы біраз уақыт бойы көзден таса қалған.

Соңғы рет Алматыдағы автобус жүргізушісімен болған жағдайдан кейін жол апаты болып, 3 адам қаза тапты. Біз жедел түрде азаматтарды тасымалдайтын транспорттық компаниялардың басшыларымен кездестік. Кездесу барысында қоғамдық көліктердегі қауіпсіздік мәселесін талқыладық, оның ішінде жүргізушінің де қауіпсіздігін қарастырдық. Бұл мәселені талқылау барысында қоғамдық көліктердегі бейне бақылау камералардың және көмекке шақыру батырмаларының жоқтығы мәселесі пайда болды. Оларды автобустарда орнату жұмысы жергілікті атқарушы органдар мен транспорт компанияларының иелерінің құзыретінде. Негізі бұл жабдықтар осы аталған органдардың тарапынан қойылуы керек, - деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы.

Дегенмен органдармен сөйлесу барысында камералар мен SOS батырмаларды орнатуға уағдаласқандарын атап өтті.

Өткен жылы көмек сұраған 250 мың хабарлама келді. Бүгінде қоғамдық орындарда 38  SOS батырмаларын орнаттық. Ол бойынша да тұрғындар көмекке жүгініп жатыр. Оған қоса 102 мобильді қосымшасы да жұмыс істейді, - деді ІІМ өкілі.   

Айта кетейік, былтыр 22 қараша күні Алматыда болған автобус апаты үш адамның өмірін қиған еді. Жуырда Көреміз бағдарламасында аталған оқиғаның куәгері сұхбат беріп, мән-жайдың қалай болғанын айтып берді.

Миражан Махан
Бөлісу: