27.08.2025
11:08
744
Қоғамдық көлікте құлаққапсыз музыка тыңдайтындар айыппұл төлейді

Қоғамдық көлікте құлаққапсыз музыка тыңдайтындар айыппұл төлейді

Еуропа елдерінде қоғамдық көлікте құлаққапсыз музыка тыңдап немесе телефонның дауыс күшейткіші арқылы сөйлесетін жолаушылар биліктің ызасын келтіріп жүр. The Independent басылымының мәліметінше, Лондонда бұл мәселеге қарсы күреске либералдар да, консерваторлар да қосылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Басқаларға қолайсыздық тудыратын мұндай жолаушылар енді саяси деңгейде талқылана бастады. Тіпті Лондон мэрі Садик Хан арнайы ақпараттық кампанияны іске қосатынын мәлімдеді. Әзірге билік көшелер мен станцияларда түсіндіру плакаттарын ілумен шектелмек. Алайда консерваторлар бұл жеткіліксіз деп есептеп, қоғамдық көлікте шу шығаратындарға айыппұл енгізуді талап етуде.

Ұлыбританияның «көлеңкелі кабинеті» (үкімет отставкаға кеткен жағдайда министрлікке дайын тұратын оппозициялық құрылым) атынан сөз сөйлеген көлік министрі Ричард Холден:

Жолаушылар басқа адамдардың сапасыз музыка таңдауына төзуге міндетті емес, – деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, мұндай тәртіп бұзушыларға жауапкершілікті тікелей көлік операторлары артуы тиіс.

Либералдық партия өкілдері де бұл ұсынысты қолдап отыр. Олар пойыз бен автобуста құлаққапсыз музыка тыңдайтындарға 1000 фунт стерлинг көлемінде айыппұл салуды ұсынды. Журналистер атап өткендей, Лондонда ақпараттық кампания басталуының өзі консерваторлардың қоғамдық көлікте қатты музыка тыңдауға тыйым салу жөніндегі үндеуінен бірнеше күннен кейін іске қосылған.

Айта кетейік, бұған дейін Ирландия да осындай шараларды қолға алған болатын. Елдің теміржол компаниясы Iarnród Éireann құлаққапсыз музыка қою, вейпинг жасау және орындықтарға сөмке немесе аяқ қою әрекеттерін әдепсіздік деп танып, 100 еуро көлемінде айыппұл енгізген. Мұндай айыппұлдарды тікелей компания қызметкерлері жазып береді.