Қоғам білімді, мықты, әділ болмай, ілгері дами алмайды

12 Қыркүйек, 18:24 354

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда жария еткен «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелерге жеке-жеке тоқталып, оның шешу жолдарын қоса ұсынды. Мәселен, жаңа экономикалық саясатқа бет бұрудан бастап, нақты салаларды дамыту керектігіне екпін түсірді.

Әрине, қоғам – адамнан тұрады, ал адам – мемлекеттің негізгі капиталы. Әділетті қоғам құрғымыз келсе, әуелі білім мен денсаулықты, мәдениет пен руханиятты дамытуымыз керек. Сондықтан президент те білімді ұрпақты тәрбиелеуге аса көңіл бөліп жүр.

Білім беру саласындағы қызметті жоғарылату, сапалы білім беруге дағдылану – әр мемлекеттің алдындағы басты міндет. Ұлт сапасын жақсарту ісінде тәрбиені мектепке дейінгі мекеме, яғни балабақшадан бастау керектігі айтпаса да түсінікті. Бүгінде балаларды балабақшамен қамту мәселесін шешу өз алдына, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, еңбекақысын көбейту де талайдан тілге тиек етіліп жүр. Мемлекет басшысы бұған дейінгі жолдауында балабақша тәрбиешілерін аттестациялау туралы бекер айтқан жоқ.

Екінші, орта білім сапасын арттырып, білімді, жан-жақты ұрпақтың толыққанды білім алуына мүмкіндік  туғызу. Елімізде салынып жатқан «Жайлы» мектеп» ұлттық жобасының да көздегені осы еді. Яғни, оқушылар қысылыспай-қымтырылмай, жаңа, заманауи құралдармен жабдықталған мектепте білім алуы тиіс. Үш ауысымда білім беретін мектепті түпкілікті жойып, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жою қажеттігі  тапсырылды. Бәрімізге белгілі, бұған дейін ел қазынасын тонап, ақша жымқырғандардың мемлекетке қайтарылған қаржысы түгел мектеп құрылысына жұмсалып жатыр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу керектігін қадап айтты. Бұл тұрғыда әлі де мұғалім мәртебесін биіктетіп, қоғамдағы орнын айшықтау жайы сөз болды.

Үшінші – жоғары білім беру саласындағы білім сапасы, студенттерге әлеуметтік жағдай көрсету, білім грантын әртүрлі деңгейде бөлуді қарастыру жайы. Қазір жастарға білім алу үшін бар мүмкіндік бар. Тіпті, жылдық өсімі 2-3 пайызбен жеңілдетілген несие беру қолға алынды. 

 Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың пікірінше, осы тұрғыда президент кадр дайындау, қоғамға білікті мамандар қажеттігіне тоқталды.

Осыған орай, бес түйткілге тоқталып кетейін. Бірінші, кадр жетіспеушілігі. Шынында да, біраз мамандық бойынша кадр тапшы. Бірақ грант бөлініп жатыр. Бірақ талапкерлердің сол мамандықтарға келуі белсенді емес. Мысалы, көлік құрылысы саласына бөлінген 785 орынға небәрі 28 талапкер келген. Сол сияқты кен өнеркәсібі, машина жасау саласына бөлінген 7 мың орынға келгендер саны 1000-ға да жетпейді. Ал дене шынықтыру пәніне бөлінген 517 орынға 5 мың талапкер құжат тапсырған. Тіпті, осы мамандыққа түскісі келгендер саны бойынша үшінші орынға шыққан. Себебі, шығармашылық емтиханнан өту жеңіл. Өкінішке қарай, жастар ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүруге құмар. Бізде мамандыққа қызықтыру, тарту жұмысы ақсап тұр. Мектепте құрылыс, механика, машина жасау емес, тек қана робототехниканы ғана оқытамыз. Ал бізде робототехника жасайтын қанша зауыт бар? Бес саусақ та жетпейді ғой. Осыған орай, мектеп, ата-ана арасында балаларды мамандыққа бейімдеуде үлкен алшақтық жатыр. Екіншіден, кәсіпорындар қажетті мамандықтарды айтпайды. Олар жастарды қызықтырып, тарту керек. Үшінші мәселе, министрліктер грант береді. Қандай мамандыққа сұраныс көп екенін ертерек санап, дұрыстап жеткізіп, түсіндіру керек, - дегенді жеткізді.

 

Оның сөзінше, бұған білім мекемелері ғана емес, мектеп, ата-ана, кәсіпкерлер бірлесіп жұмыс істеуі керек.

Болашақты балаларды қоғам үшін  қалай және неге дайындауымыз керек? Айталық, биотехнология мамандығына 1000 орын берілген екен. Бірақ оларды жұмысқа қабылдайтын осыншама кәсіпорын жоқ. Сұраныс жүз шақты орынның ар жағында ғана. Сондықтан жастарды «маңызды мамандық» деп үгіттеп, насихаттап, оқытамыз да, бітірген соң жұмыс тауып бере алмаймыз. Дәл сол сияқты IT саласы мамандығына 19-20 мың бала келді. Бағдат Мусиннің айтуынша, бізге керегі жүз мың адам екен. Сонда бітірген маман иелері қайда жұмысқа орналасады? Яғни, болашақ үшін жан-жақты реттеп отыру керек. Маған машина жасау мамандығын қызыл дипломмен бітірген маман келіп, «Мені жұмысқа қабылдайтын кәсіпорын не мекеме жоқ» деп қынжылды. Міне, көрдіңіз бе, грантқа түсіп, артынан «Бұл менікі емес екен» деп грантын тапсырып жатқандар да бар. Жыл сайын 60 млн теңге босқа кетіп жатыр. 10 жылда 600 млн теңге. Бұл қыруар ақша, – дейді Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов. 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жолдауда елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалын ашу туралы сөз қозғады.

Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова: Мамандарды кәсіптік-техникалық салаға дайындауымыз керек. Тәжірибесін, бағдарламасын сынап көрейік» дейді. Мысалы, қаражатты көп бөліп жатырмыз. Назарбаев университетінде оқыған дайын маманның көбін шетел тартып алуда. Осыған да көңіл бөлу маңызды. Сондай-ақ, Тамара Дүйсенова жоғары оқу орындарды топқа бөлу керектігін айтты. Жазға дейін оқу орындарын түгелдей аккредитациялық тексеруден өткізуді тапсырды. Қазір бізде онсыз да білім саласында аккредитациялауды жүргізетін 12 тәуелсіз агенттік бар. Соның үшеуі – АҚШ, Бельгия, Германия елінен. Қалғаны да халықаралық стандартпен жұмыс істеп жатыр. Сондықтан осы мәселені анықтап, нақтылау қажет, – деп топшылайды Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті. 

Айта кету керек, бүгінде жоғары оқу орындарына қабылданып жатқан студент саны көп. Рахман Алшановтың пікірінше, оқу орындарының аудиториясына сыймай, кей университетте 20-30 мыңнан асып кетті. Қайда сыйғызамыз? Мені алаңдататын жайт, соңғы үш-төрт жылда «Алтын белгі» алғандар саны екі мыңнан сегіз мыңға жеткен. Сонда үш-төрт жылда білім сапасы жақсарып кетті ме? Шын мәнінде, кәсіптік білімге көңіл бөліп-ақ сұранысты қанағаттандыруға болады. Меніңше, орта кәсіптік білімнен кейін жоғары оқу орнына қабылдауды жеңілдету керек. Колледжді бітірген жас маман әрі қарай жоғары білім алу тиіс. Сондықтан жолдауда айтылған мәселелерді жіті шешуді қарастыру қажет, – деп түйіндеді пікірін Рахман Алшанов.   

Ал қоғам қайраткері Асылы Османның айтуынша, жолдауда қоғамның маңызды түйткілдері қамтылды.

Әсіресе, көңіліме жаққаны – әділдік пен жан үстемдігі қоғамдағы заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыруға бағытталуына аса мән беру қажет дегені дұрыс. Тәртіп болмаған жерде ештеңе болмайды. «Аманат» партиясының «Қарызсыз қоғам» деген жобасы дұрыс. Біздің қоғамда халық несие алып, той-томалақ жасауға бейім болып кетті. Соған бола несиеге белшесінен батып, қарызданып жатыр. Бұл жақсы емес қой. Бүгінгіні емес, ертеңгі күнді ойлауымыз керек қой. Қазақ қоғамы неліктен қарызға батып жатыр? Мемлекет те қарызы көп адамның несиесін кешіп жатқанын естідім. Меніңше, бұл да дұрыс емес. Одан кейін де қарыз алып жатыр емес пе?! Еңбексіз тапқан мал адамды ұшпаққа шығармайды. Маңдай термен табу керек. К.Маркс «Адамды адам еткен – еңбек» деген жоқ па?! Жастарды дайынға емес, еңбекке баулуымыз керек. Қазір адами құндылықтан гөрі, ақшаның құндылығын басым қылып жіберді. Тәртіп, тазалық, адалдық қайда қалады? Біз неге Төле би бабамыздың «Аузыңа әділ бол, дұшпаныңа қатал бол, досыңа адал бол» дегенін орындамаймыз? Тәртіп пен тәрбиені алдыңғы орынға қойып, заңға бағынышты болып, орындауымыз керек. Қауіпсіз қоғам орнату өз қолымызда. Жауапкершілік өз алдына жайына қалды. Әділетті қоғам құрып, озық ел болуға ұмтылу үшін қатаң тәртіп пен тәрбиені жүзеге асыру қажет. Тәрбие – ұлттық болғаны жөн. Мысалы, қазақ халқы бейбітшілікті, тыныштықты, ауызбіршілікті дәріптеген. Баланы жастайынан адал еңбекке баулу абзал. Өмірге адам болып келген соң қоғамға елін, отанын сүйетін адал азамат тәрбиелеуді қолға алған жөн. Қазақ білімнің соңына түспей-ақ, ақылды, даналығы бөлек ұлт. Біз білімді ғана айтып, тәрби алуды ұмыттық. Озық ойлы ұлтты озық ойлы перзент тәрбиелеп, ата-бабамыздан келе жатқан әдет-ғұрыпты, салтты сақтау керек. Қазақта «Өткенді еске алған өскендіктің белгісі, өткенді еске алмай, елемей кету өшкендіктің белгісі» деген сөз бар. Біз қалай болған күнде де өткен өмірдегі жақсы дүниені бүгінгімен байланыстыра отыруымыз керек. Қоғамда заң мен тәртіп үстемдік алсын десек, оны тәрбие арқылы ғана қалыптастыра аламыз, – деді қоғам қайраткері Асылы Осман.  

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстардың жай-жапсарына тоқталды. Ол бұл салада біраз реформа жүргізілсе де, толық нәтиже бермегеніне баса мән берді. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Бұл салаға қаржының дұрыс бөлінбеуінен халық сапалы медициналық қызметті алмай жүргенін ашып айтты.

Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл тұрғыда Денсаулық сақтау министрлігінің стратегиялық даму департаментінің басшысы Лаура Ахметнияз: «Қазақстан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізу арқылы денсаулық сақтау саласында үлкен қадам жасағаны белгілі. Қосымша қаржыландырудың арқасында бұрын қаржы тапшылығынан қордаланған мәселені шешуге мүмкіндік туды. Соңғы 3 жылда медициналық көмек көрсетуге әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу есебімен мемлекеттік бюджеттен бөлек 2,5 трлн теңгеден астам қаржы бағытталып, бұл медициналық көмекті қаржыландыруды 2,5 есеге арттырды. 2023 жылы қазақстандықтар 126 миллион міндетті медициналық сақтандыру қызметін алды. Бұл орасан зор көрсеткіш. Мысалы, кардиохирургиялық және нейрохирургия, ЭКҰ және трансплантация сияқты жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қаржыландыру 3,5 есеге өсті. Ал медициналық оңалту және консультациялық-диагностикалық көмекті қаржыландыру 12,5 есеге көбейді» дегенді жеткізді.

Оның пікірінше, президент ұсынған Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құруды тапсыруы өте маңызды.

Бұл жүйе медициналық деректерді басқару мен алмасу, үйлестіруге тиімді. Ең бастысы, қателіктің қайталанбауын, медицина қызметкеріне түсетін жүктемені азайтуға, сонымен қатар науқастардың жеке деректерін жарияланып кетуден қорғауды қамтамасыз етеді. Қазір денсаулық сақтау саласында 40-тан астам  ақпараттық жүйе бар.  Оның 17-і денсаулық сақтау министрлігінің, 22 ақпараттық жүйе ведомстволық бағынышты ұйымдар балансында. Яғни, жан-жақта. Ал бұл бірыңғай болса, денсаулық сақтау саласы мамандарына да, халыққа да тиімді, - дейді ол.

Медицина саласындағы тағы бір жоба – Face ID немесе цифрлық құжаттарды пайдалану арқылы науқасты идентификациялау технологиясын қолдану. Науқасты медициналық ұйым қызметіне жүгінген кезде нақты әрі тез идентификациялау медициналық қызметтерді тағайындау мен көрсету кезінде қателесу қаупін азайтады. Сонымен қатар артық берілетін жалған есепті азайту және деректердің дәйектілігін қамтамасыз ете отырып медициналық қызметтер мен рәсімдердің орындалуын бақылауды жақсартады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауда бүгінгі күннің басты өзекті мәселелерін қамтып, тез арада шешуді тапсырды. Бұл мемлекет, қоғам, халық үшін өте маңызды.

Мереке Амантай
Бөлісу: