Қоғам белсендісі Қарақат Әбденді депутаттық мандатынан айыруға петиция жинап жатыр

7 Сәуір 2023, 12:08 16441

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбденнің шетел азаматтарына тұрмысқа шыққан қазақ қыздарына салық салу қажет деген ұсынысы қоғамда резонанс тудырды. Бір бөлігі қан тазалығын мен ұлттық калоритті сақтауды қолдаса, екінші тарап депуттатты адам құқығын шектеді деп айыптап, оны мандатынан айыруға петицияға қол жинап жатыр, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

«Немолчи» қорының төрағасы Дина Таңсәрі депутатты ҚР Конституциясының 39 бабын бұзды деп айыптап отыр. Бұл баптың бірінші тармағында адам құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау мақсатында ғана шектелетіні айтылған. Сондай-ақ халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында ғана шектеледі. Екінші тармағында ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекетті Конституцияны бұзу деп көрсетеді. Дина Таңсәрі осы екі тармаққа сүйеніп отыр.

«Не молчи» қорының төрағасы депутат Қарақат Әбденді Қазақстан Парламентінің депутаты болғаннан кейін әйелдер құқығын таптап, «пропоганда» жасап отыр деп айыптады. 

Динаның айтуынша, Әбден мұндай бастаманы жайдан-жай көтеріп отырған жоқ. Ол 1999-2009 жылдары Қаржы министрлігіне қарасты салық комитетінде бас маман, бөлім басшысы қызметтерін атқарған деп өмірбаянын тізіп шыққан.

Таңсәрі сондай-ақ қызы грузин ұлты өкіліне тұрмысқа шыққан ана ретінде депутатты мұндай әрекеті үшін сотқа беру қажет дейді.

Бұл ұлттық ерекшелігі бойынша қысым көрсету. Ол адам құқығы деген не екенін біле ме екен? Мен петиция жасаймын. Қазақстан Парламентінен кетуін талап етемін! Елдің Конституциясын бұзғаны үшін, - деді ол. 

Айта кетейік, Қарақат Әбден Үкімет отырысында шетел азаматтарына тұрмысқа шыққан қазақ қыздарына салық салуды ұсынған болатын.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: