ҚМГ: «БерӘлі Маңғыстау Сompany» мекемесінің бұрынғы қызметкерлерімен келіссөз жалғасады

14 Сәуір 2023, 12:19 958

Жұмыссыздық мәселесінің шешілуін талап еткен мұнайшылар ереуілге шыққан болатын. Осы жайтқа байланысты 11 сәуірден бастап Астанада арнайы комиссия жұмысын бастады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«ҚазМұнайГаз» компаниясы таратқан мәліметке сәйкес, оның құрамына Энергетика министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдері, сондай-ақ 10 адамнан құралған «БерӘлі» компаниясының белсенді тобы кірді.

Бүгінге дейін жұмыс комиссиясы үш отырыс өткізді. «ҚазМұнайГаз» мұныдай мәселелер көтерілгенін айтады:

1. БерӘлі компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің басты талабы – «Өзенмұнайгаз» АҚ штатына жұмысқа орналасу. Бастамашыл топқа бұл шарттың мүмкін еместігі айтылды. Ұйымға жұмысқа кезекте 9 мың адам тұрғаны атап өтілді. Олар қабылданған алгоритмдерге сәйкес бастапқыда коммуналды компанияларда жұмыс істейді, әрі қарай бос жұмыс орны пайда болғанда кезек бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ-қа жұмысқа тұрады. Келіссөз жүргізушілердің бұл талабы қала тұрғындарының мүдделері мен құқықтарына қайшы келеді.

2. Сатып алу қызметін ұзақ мерзімге белгілеу мәселесі бойынша ҚМГ өкілдері «3+2» схемасы бойынша келісімшарт жасасуға дайын екенін білдірді. Ол бойынша келісімшарттар қосымша 2 жылға ұзарту құқығымен 3 жылға жасалатын болады.

3. Жекелеген мәселелер бойынша БерӘлінің бұрынғы қызметкерлерінің талаптары өзгерді: атап айтқанда, жерасты жөндеу жұмыстарының қосымша көлемін «Бұрғылау» және «МұнайФилдСервис» жеке компанияларына беріп, БерӘлінің бұрынғы қызметкерлерін осы компанияларға жұмысқа орналастыру мүмкіндігі айтылды. Алайда, алдын ала келіссөздерден кейін аталған компаниялардың басшылығы өз бригадаларының толық жүктелмеуіне байланысты мұндай қызмет түрін көрсетуге қызығушылығы жоқтығын мәлімдеді.

4. Еңбекті қорғау және ұйымдастыру жағдайлары, бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамасын (БТБА) қолдану және тендер рәсімдеріне қатысты мәселелер бойынша тәуелсіз комиссия құруды   мемлекеттік орган өкілдері қарастыруға және комиссияның күн тәртібі мен құрамын мүдделі органдармен келіскеннен кейін жауабын беруге дайын екендіктерін мәлімдеді.

5. Бұдан бөлек, ҚМГ өкілдері БерӘлі компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің барлығын осыған дейінгі жалақысы мен әлеуметтік пакетін сақтай отырып, конкурс нәтижесінде жеңімпаз болған компанияға жұмысқа орналастыруға дайын екендігін растады.

Қазіргі уақытта аталған мәселелерді талқылау жалғасып жатыр және тараптар қолданыстағы заңнамаға сай келісімге қол жеткізуге мүдделі.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: