12.01.2026
12:34
913
ҚМДБ дипфейкті пайдалануға қатаң тыйым салды: ол не үшін қауіпті?

ҚМДБ дипфейкті пайдалануға қатаң тыйым салды: ол не үшін қауіпті?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дипфейк технологиясын қолдануға шариғат тұрғысынан тыйым салды. Бұл туралы ҚМДБ ресми сайтында жарияланған Ғұламалар кеңесінің пәтуасында айтылған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Құжатта ислам дінінің ғылым мен технологияның дамуына қарсы еместігі, алайда кез келген жаңашылдық адамзат игілігіне, әділеттілік пен адамгершілікке қызмет етуі тиіс екені атап өтілген. Ал жасанды интеллект арқылы жалған бейне және аудиожазбалар жасау көбіне зиянды мақсатта қолданылып жүргені айтылды.

Оқи отырыңыз:

Deepfake технологиясы арқылы адамның шын мәнінде айтпаған сөздерін айтқандай немесе істемеген іс-әрекеттерін істегендей етіп көрсетуге, жалған ақпарат таратуға шариғат бойынша қатаң тыйым салынған, – делінген ҚМДБ хабарламасында.

Ғұламалар кеңесінің мәліметінше, мұндай фейк контент адамның абырой-беделіне нұқсан келтіріп, қоғам ішінде алауыздық тудыруы, қорқынышқа себеп болуы немесе тіпті адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан дипфейктерді тек зиянды емес, қалжың ретінде қолданудың өзі де шариғатқа қайшы деп бағаланған.

Мұндай жалған ақпарат ел тыныштығын бұзып, қоғам ішінде іріткі тудырады. Алдын алмаса, салдары елдің ынтымақ-бірлігіне сызат түсіріп, қоғамға елеулі зиян келтіруі мүмкін. Ислам діні адам өмірінің қауіпсіздігін ең басты мақсаттардың бірі ретінде қарастырады, – деп атап өтті Ғұламалар кеңесі.

Қорытындысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы адамдарды алдау, жала жабу немесе зиян келтіру мақсатында дипфейк жасау мен таратудың барлығы шариғатта қатаң тыйым салынатынын мәлімдеді. Мұсылмандарға мұндай әрекеттерден толықтай бас тарту міндеттеледі.

Дипфейк дегеніміз не және ол неге қауіпті

Дипфейк (deep fake) – нейрожелілердің көмегімен жасалған қолдан видео. Бағдарлама адамның дауысын, түрін зерттеп, ол ешқашан айтпаған немесе істемеген әрекетті бейнелеп шығарады.

Бұрын мұндай бейнелерді жасау үшін кәсіби команда қажет болса, қазір тек смартфон мен тегін қосымша жеткілікті. Соның салдарынан кез келген адам танымал тұлғаның немесе туысының атынан жалған бейне жазба жасай алады.

Дипфейкті қалай тануға болады?

Бетті мұқият бақылаңыз: егер адам табиғи қимылдамаса, сирек жыпылықтаса немесе дауыс ерін қимылымен сәйкес келмесе – күмәндануға себеп бар.

Ақпарат көзіне назар аударыңыз: егер бейне ресми БАҚ-та немесе расталған аккаунтта жарияланбаса, сенбеңіз.

Дыбысты тыңдаңыз: жалған бейнелерде дауыс жазық, біркелкі және фондық шу оғаш болады.

Скриншот жасап, іздеңіз: Google немесе Yandex арқылы бейненің түпнұсқасын тексеріңіз.

Қысымға берілмеңіз: «тез аудар», «жедел көмектес», «соңғы мүмкіндік» деген тіркестер – алаяқтықтың айқын белгісі.

Қарапайым қорғаныс тәсілі – «отбасылық құпия сөз»

Бұл тек жақын адамдар ғана білетін сөз болуы керек. Егер сізге туысымын деп хабарласқан адам болса, сол сөзді сұраңыз. Алаяқ жауап бере алмайды.

Компаниялар үшін мамандар екі сатылы растау жүйесін енгізуге кеңес береді: алдымен жазбаша өтініш, кейін қоңырау.

Егер сізге жалған видео жіберілсе:

Оны басқаларға таратпаңыз.

Файлды сақтап, қайдан келгенін тіркеңіз (сілтеме, күн, жіберуші).

Қайнар көзін іздеу жүйесі арқылы тексеріңіз.

Видеодағы адамға тікелей хабарласыңыз.

Егер ақша талап етсе немесе бопсаласа – полиция мен банкке хабарласыңыз.

Заң не дейді?

Бұған дейін Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстанда жасанды интеллектті фейк тарату мен манипуляция жасау мақсатында қолданғандар үшін жауапкершілік шараларын әзірлеу қажет екенін айтқан болатын

Әшімбаев дипфейктерді жасаушыларды алаяқтық, бопсалау немесе заңсыз ақша жинау үшін жауапқа тарту қажет екенін атап өтті.

Құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, жауапкершілік мәселесін қарастыруымыз керек. Мұндай фейктерді жасанды интеллект өздігінен жасамайды – оны адамдар жасайды. Сондықтан жауапкершілік сол адамдарға жүктелуі тиіс. Егер қоғамда тәртіп орнатқымыз келсе, заң аясында әрекет ету үшін осындай істерге жол бермеу және заңдық жауапкершілік қарастыру қажет, – деді Мәулен Әшімбаев.

Қазақстанда дипфейк жасауға қатысты жеке бап жоқ, бірақ мұндай әрекеттер мына заңдарға сай жазаланады:

ҚК 190-бабы – алаяқтық: айыппұл немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру;

ҚК 274-бабы – жалған ақпарат тарату: 3 000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 3 жылға дейін шектеу;

ҚК 147-бабы – жеке өмірге қол сұғу.